«Қазақстан - 2050» Стратегиясы еліміздің бірнеше онжылдықтарға арналған кешенді бағдарлама. Өз Жолдауында Президент тәуелсіз еліміздің өткен жолын саралай келіп, қол жеткізген жетістіктеріміз бен қиыншылықтарымызды еш бүкпесіз халықпен бөлісті. Бұл аталмыш құжатта Қазақстанның 2050 жылға дейін қаншалықты дамитынын, еліміздің алдында қандай мақсаттар тұрғанын, кездесетін қиындықтарды жеңу жолдарын айқындап берді.
Көпұлтты және көпконфессиялы мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарында ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық келісімді қалыптастыру бағытында қол жеткізген асулары кімді де болса қызықтырары сөзсіз. Сондықтан да біздің тәуелсіз елімізді әлем жұртшылығы мойындап отыр.
Өзімнің кәсіби жұмысыма орай айтарым, Жолдаудың «Білім және кәсіби біліктіліктер» және «Жаңа қазақстандық патриотизм» бағыттары біздің Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ғылыми-оқытушылар құрамы мен студенттерін айрықша сезімге бөледі. Өйткені, Жолдауда жоғары оқу орындары тек білім берумен шектеліп қалмау міндеттері айтылып отыр. Міне, осы тапсырмаларды басшылыққа ала отырып біз алдымызға білім беру мен кәсіби біліктілік арасындағы алшақтықты жақындату бағытында жұмыс жүргізу бағытында талап қойдық. Болашақ педагогтарды бүгінгі заманауи технологиялық жағдайларға сәйкес білім беру қарастырылып отыр. Бұл кешенді мәселелерді Елбасы білім беру саласындағы төрт негізгі басымдығында айқын көрсетті, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамытудың керектігі айтылды. Сонымен қатар, білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді, құралдарды қарқынды енгізу тиістігіне зор маңыз берді.
Президент өз Жолдауында қазақстандық патриотизм мәселесіне аса зор көңіл бөліп және оның жаһандану заманындағы даму бағытына терең талдау жасады. Өз Отаныңды сүю тек мақтаныш сезімі ғана емес, ол үшін бәріміз жанкештілікпен еңбек етуіміз керек екенін атап көрсетті, сонда ғана біз болашаққа нық сенетін болатындығымызды айтты. Қазақстандық патриотизмді бойымызға сіңіру үшін біз елімізді мекендеген барлық халықтың салты мен дәстүрін сыйлауды, олардың құқығы мен міндеттері бойынша барлық азаматтардың бірдей екенін білуіміз шарт деп көрсетті Елбасы.
Елбасының тіл саясаты туралы ойлары біздің институттың ғылыми-оқытушылар құрамы мен студенттерінің жүрегіне қонымды. Арқалық педагогикалық институты Қостанай облысының оңтүстүгінде орналасқан мектептерге мұғалімдер дайындайтын болғандықтан жоғары оқу орнында мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін одан әрі дамып, сөздік қорының артуына және сөз байлығының кемімеуіне көңіл бөлеміз. Бұл үшін институт қабырғасында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның айғағы ретінде «Руханият» студенттер театры құрылып, қала халқына бірнеше рет қойылымдар көрсетті. Тілдің үш тұғырлығын онан әрі дамыту үшін орыс және ағылшын тілдерін үйретуге де маңыз берілді. Оның сыртында біздің институттың оқытушылары Арқалық қаласының тілдерді дамыту орталығындағы оқитын қала тұрғындарына дәріс береді.
Жолдауда Президент жастарға жаңа саяси және экономикалық бағыт ұсынумен қатар жақсы білім алып, лайықты болашақтарын ойлап, үлкен сенім артатынын айтты және оларға алдағы уақытта олардың терең білім алуына және кәсібилігін арттыруына жағдай жасай беретініне сендірді. Елбасы «Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер» деген сөзі біздің институттың студенттеріне келешекке деген танымкөзқарасына өз ықпалын тигізері анық. Өйткені, бүгінгі біз білім беріп отырған болашақ педагогтар еліміздің оқу-ағарту саласына өз үлестерін қосарына және жаңа саяси бағытты мүлтіксіз орындайтынына сеніміміз мол.
Қалыптасқан елдің жаңа саяси бағытының және онда көрсетілген әр саланың орындалу жолына маңыз бере отырып Арқалық педагогикалық институтының ұжымы Елбасының саясатын толық қолдайтынымызға және іс жүзіне асуына белсенді түрде атсалысатынымызға кәміл сендіргіміз келеді.