Жеңіс мерекесі – баршаның мерекесі

1

 Адамзат тарихында ең ауыр қасірет алып келген Ұлы Отан соғысындағы жеңіске биыл 75 жыл. Елдің болашағы сын сағатқа түскен ауыр уақытта қыршын кеткен қаншама боздақтардың есімдері тарих жадында. Жеңіс мерекесі – барлық ұлтқа ортақ, аталарымыз бен әкелеріміздің, аналарымыздың жанқиярлық ерліктерінің, сол жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан тыл жұмысшыларының еңбектерінің жарқын куәсі болмақ. Кеңес Одағының басқа да ұлт өкілдерімен қан майданда бірге болып өзге жерде қаза тапқан 350 мыңнан аса қазақ бауырларымыздың ерлік істерін білу – қазіргі ұрпақтың борышы. Соғыс кезінде 11 мың 500-ден аса адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, соның 100-ден астамы қазақ болатын. Олардың арасында Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Төлеген Тоқтаров, Сұлтан Баймағамбетов, Мәлік Ғабдуллин, Нүркен Әбдіров, сондай-ақ Шығыстың қос жұлдызы – Мәншүк пен Әлия өшпестей ерлік үлгісін көрсеткен болатын.
 «Ер есімі – ел есінде» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Соғыс кезінде ерінен, баласынан айырылмаған отбасы кем де кем. Оларға тағзым ету, құрмет көрсету, ерліктерін айту – ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретін біздің міндетіміз әрі борышымыз болмақ.