2024 жылдың 29 ақпанында «Педагогика және филология» факультеті «Қазақ тілі мен әдебиеті, «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» білім бағдарламасының ұйымдастыруымен «Оқыту үрдісіндегі цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану – заман талабы» тақырыбында аймақтық конференциясы өтті.
Конференцияның мақсаты – білім сапасын арттыруда цифрлық білім беру ресурстарын пайдаланудың маңызды рөл атқаратындығына басты назар аудара отырып, жалпы білім беретін мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің озық тәжирибесі арқылы тиімді әдіс - тәсілдерді көрсету.
Конференцияға Altynsarin institute-ның профессор-оқытушылар құрамы мен Арқалық қаласы әкімдігі білім бөліміне қарасты мектептердің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері қатысты.
Аталмыш конференцияның пленарлық мәжілісінде Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімдері Муханова Асима Хамитовна, Баяхметов Талғат Жауынгерұлы, №2 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Каркимбаева Жансулу Максимовна, «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, магистр Абдуллина Ардақ Амирханова баяндама жасады. Сондай-ақ, Фурманов жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Нұрмұханова Әсел Қайратқызы мен №10 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Әбіш Жанар Серғалиқызы шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибе алмасты.
Шараның қорытынды бөлімінде факультет деканы Айбек Киікбайұлы қатысушыларға сертификат табыс етіп, цифрлық білім берудің құзыреттіліктеріне тоқталып өтті.