Елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтеді. Осы ретте Ы.Алтынсарин атындағы АрқПИ отбасы құндылығын дәріптеп, бала құқығы мен заңды мүддесін қорғау мақсатында іс-шаралар науқаны ұйымдастырылды.
Отбасы институтын сақтау және нығайту бағытындағы іс-шараларға жасөспірімдер мен жастар ортасында рухани-адамгершілік құндылықтарды жан-жақты дәріптеп жүрген көпбалалы оқытушылар, отбасы саясаты бойынша сарапшылар, ардагер профессорлар мен қаланың қоғам белсенділері қатысты.
Іс-шаралар кешенін Педагогика және филология, Жаратылыстану және ақпараттандыру, Тарих және өнер факультеттері, «Жас орда» студенттердің өзін-өзі басқару ұйымы, институт психологтары, Студентттер үйінің тәрбиешілері, «StudMedia» клубының белсенділері жүзеге асырды.
Сондай-ақ, шаралар «Отбасының қоғам алдындағы маңыздылығы мен рөлі» атты отбасылы студенттермен кездесу, «Отбасы – аяулы алақан мекені» атты пікірсайыс, «Отбасы – шаңырақтың айнымас тіреуі» атты дөңгелек үстел, «Ата-анаға құрмет» тақырыбында ұялы байланыс арқылы хабарлама жолдау, «Аяулы алақан» атты студенттермен отбасы туралы тренингтер, «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» атты ашық микрофон, «Отбасы – шағын мемлекет» атты кездесу сынды тағы басқа тақырыптық бағыттарды қамтыды.