Әрбір қазақстандықтың рухани жаңғыруы – заман талабы

Әрбір қазақстандықтың рухани жаңғыруы – заман талабы

  Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты үндеуі әрбір қазақстандықтың көптен бері ойынан кетпей жүрген бірнеше мәселелерді қозғап отырғандығы ақиқат. 

  Біріншіден, білім мен ғылымға байланысты. Жаһандық бәсекеге қабілетті мемлекетке айналу алдымен адами капиталға байланысты екендігін әлемдік тәжірибе дәлелдеп отырған жайы бар. Бәсекеге қабілетті болу сол елдің экономикасына, елінің байлығына ғана емес, сонымен қатар ел азаматтарының дүниетанымына, білімі мен біліктілігіне, іскерлігіне де байланысты. Ал ол алдымен білімге барып тіреледі. Елбасының «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» - деп ұлтымыздың ерекше бір басымдығын атап өтсе, енді бірде «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт» деген сөзін қалай түсінуге болады. 

 Еліміздегі білім саласындағы қандай реформалар болмасын шығармашылықпен дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталып отыр. Біз білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Ол  «жалпыға арналған білімнен», «білім әркімге өмір бойы» принципіне негізделуі қажет. Қазіргі таңда ел шаруашылығының қай саласын алсаң да оның бүгінгі әсіресе келешекте дамуы, бұрынғыдан да жедел, тиімді дамуы тек ғылым жаңалығы, оны іске асыра алатын білім, біліктілік негізінде ғана мүмкін. Ал ғылым мен білім адам сипатының, адами капиталының негізін құрайды. Әлем елдерінде, әсіресе, алға кеткен елдердің озық тәжірибесіне көз жіберсек, олардың бүгінгі ішкі жалпы өнімінің 70-90 пайызына дейін ғылым мен білім негізінде алынғанын көреміз.

    Елдің, ұлттың, халықтың  атын шығаратын қоғамның үш саласы бар болатын болса, соның бірі барлық ғылымның түп қазығы болып табылатын білім болып отыр. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» дейтін атам қазақтың біліп айтқан нақыл сөзі қазіргі уақытта өте маңызды болса керек, себебі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуымыздың бірден - бір шарты осы болмақ. 

  Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы «Олжалы жерден үлестен қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз - бәрі надандық кесапаты» - дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты теңестіретін тек ғана ғылым, білім, өнер екенін айтып, өз халқын оқуға, өнерге, білім алуға шақырған болатын. Бұл пікірдің қазіргі күнге дейін қазақ қоғамында көкейтесті мәселе екендігіне дау жоқ. Жалаң білім емес, нақты білім, өзіңді өрге алып шығатын толыққанды білім алу - қазіргі қазақ жастарының арасындағы ең күрделі өзекті мәселе деп айтар едім.

   Екінші мәселе - Қазақстандағы  үштілділік. Елбасы «...ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі...» туралы сөз қозғай келе, бұл заман ағымы талап етіп отырған үлкен де қажетті мәселе екендігін атап өткен болатын. Қай ата-ана болмасын, баласының үш тілді ғана емес, одан да көп тілді игеріп, еркін сөйлегеніне қарсы болмайды. Алайда мәселе бұл жерде қазақ тілінің болашақ тағдырына байланысты болатын болса, оны қазақ тілін құрбандыққа шалу жолымен шешуге болмайды. Себебі ұлттың ұлт болуы - тілінде. Қазақ тілінің мерейін шығаратын да, оны болашақ ұрпаққа жеткізетін де өзіміз. Сәлеміміздің  өзі «здраствуйтеден» емес, осы тілден басталуы керек. Қазақ тілі  қазақ тілін меңгергісі келмейтіндер жаңсақ ойлайтындай кедей, өз ойыңды жеткізуге қауқарсыз, тек қарапайым, күнделікті  тұрмыста қолданылатын  тіл емес, қазақ тілі - сан ғасырлар бойы Қазақ даласының  негізгі қарым-қатынас тілі болған, көне заманнан осы күнге дейін жеткен халық ауыз әдебиетінің барлық үлгілері осы құдіретті тілде жетті, мәдениет те, ғылым да, философиялық шығармалар да алуан реңді, бейнелі қазақ тілінде ұрпақтан ұрпаққа жеткенін біз білуіміз керек. Осы тілмен ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр елді ғасырлар бойы басқарып, орта ғасырларда қазақ тілін Еуразия аймағындағы халықаралық тіл дәрежесіне дейін жеткізген. Билеріміз осы тілде шешім шығарып, хандарымыз осы тілде бұйрық беріп, батырларымыз осы тілде ұран көтерген. Әжелеріміз тұтас әулетті тәрбиелеп, аналарымыз бесік жырымен бала тербетіп, жастарымыз өз сезімдерін осы тілде жеткізген. Данышпан Абайдың даналыққа толы өлең жолдары, көсем Әлихан мен Ахметтің жалынды сөздері, кемеңгер Мұхтардың қазақты әлемге танытқан «Абай жолы» осы тілде жазылып, осы тілде тарағандығын естен шығармауымыз керек. 

 

    Р.Аймағамбетұлы

Ы.Алтынсарин атындағы 

Арқалық мемлекеттік 

педагогикалық институтының 

            доценті