РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ-ЕЛІМІЗДІ БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ-ЕЛІМІЗДІ БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаны белгілі. Мақалада негізгі алға қойылған мақсат қоғамымыздың рухани дамуын жаңғырту жолдары нақты белгіленген.
Мақалада Елбасы кіріспе сөзінде «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым» - деп атап өтті. Осы орайда Қазақстанның жаңғыруында 1997 жылы жарияланған «Қазақстан-2030» стратегиясы және 2012 жылы жарияланған «Қазақстан-2050» стратегиясының маңыздылығы ерекше орын алады. Елбасының жарияланған мақаласы Қазақстанның үшінші рухани жаңғыруы деп негіздеуге болады.
Осы жаңғыру арқылы елдік мақсат пен мемлекет құрылымын, қазақ елінің тарихи мұраларын алдағы алыс болашаққа жеткізудің жайы кеңінен қамтылды.
Мақалада еліміздегі жасалған 2004 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде Қазақстан жеріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен әртүрлі нысандарды жаңғырттық деп атап өтілді. Бұл бағдарлама негізінде Торғай өлкесі бойынша да тарихи-мәдени ескерткіштерді зертеу қолға алынып, әртүрлі іс-шаралар жүзеге асырылды.
Мақалада «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бағыттың үшінші міндеті ретінде «Туған жер» бағдарламасын қолға алу ұсынылды. Елбасының ұсынған бағдарламасы қазіргі жас ұрпақты тәрбиелеуде негіз бола алады. Адамзат өркениетін дамытудың басты идеясы - бұл рухани тұлғаны тәрбилеу. Капитал салымының ең құндыларының бірі - ол өскелең ұрпаққа білім беруде, тәрбиелеуде адамгершілік тазалықты сіңіру. Бүгінгі таңда болашақ ұрпақ тәрбиесі ұлттық мұраттар мен әлемдік рухани құндылықтардан нәр алумен ұштастырылып жүргізуді талап етеді.
Сондықтан жастарды патриоттық рухта ол дегеніміз Отанына деген сүйіспеншілік, өз халқына берілгендік, өз Отанының мүддесін қорғауға тәрбиелеу дегенді білдіреді. Патриоттық сезім қан арқылы мұраға берілмейді, нақтылы-тарихи ортада ұзақ уақыттар бойына қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда елінің, жерінің өткенін сезінбей оның ерлікке, адамгершілікке толы тарихын, дәстүрін білмей, мәдениетін, әдебиетін, өнерін жете ұғынбай, отаншылдық сезімді оятудың өзі мүмкін емес. Сондықтан да өткен тарихты обьективтік тұрғыдан саралап зерделеуге ұмтылу-заман талабы. Отан деген дерексіз дүние емес. Ол халықтан, жерден, судан, елдің дәстүрі мен мәдениетінен, әдебиеті мен өнерінен, тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен құралады. Сонда патриотизм дегеніміз осылардың бәріне деген терең сүйіспеншіліктен туындайтын сезім.
Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге –Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.
Жалпы бағдарламалық мақала мазмұны мен пішіні, мәні мен маңызы жағынан ауқымды болып табылады. Сондықтан рухани жаңғыру бағытында алда атқарылатын іс-шаралар талданып, көрсетілген құжат деңгейіндегі бұл мақаланы ұлт руханиятының кең көлемді бағдарламасы деп атай аламыз.


Байбосын Ләйлә Сәндібекқызы

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты
«Қазақстан тарихы және құқық, экономика негіздері» кафедрасы
аға оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі