Жаңа білім берудегі мұғалімнің шеберлігі

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім- мектептің жүрегі...»
Ы.Алтынсарин

  Педагогикалық шеберліктің негізгі балалардың өз еркімен дамуына жол ашу, оқу – тәрбие процесінде оқушылармен педагогикалық ынтымақтастықта жұмыс атқарудың формаларын, әдістерін дамыту, шәкіртке деген қамқорлық пен сүйіспеншілікті арттыру, жұмыс әдіс- тәсілдерін жаңаша жандандыра түсу педагогикалық шеберліктерінің басты сипаты болып табылады. Сондықтан әр бір мұғалім күнделікті сабағына өмір талабына сай дайындалып педагогикалық технологияларды кеңінен пайдалануы тиіс. Ол заман талабы.
   Қазіргі білім беру саласындағы инновациялық технологияларды жан-жақты меңгермейінше сауатты, білгір маман болу мүмкін емес. Инновациялық технологияны меңгеру мұғалімнің, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген ұстаздық келбетінің қалыптасуына әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін жүйелі ұйымдастыруына көмектесетіндігі һақ. Инновацияны жете түсініп, инновациялық әдіс-тәсілдерде мектеп өміріне кеңінен енгізу жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алудың бірден-бір шарты болып табылады. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, педагогикалық —психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Бұл заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқытудың озық технологиялары мен инновациялық әдістерді сабақ үрдісінде тиімді пайдалана алатын білігі мен білімі жоғары ұлағатты ұстаз болу керек деген сөз. Ұстаздық жолды ұстанған тұлға үшін педагогикалық шеберлікті жетілдіру негізгі мақсат болып саналады. Өйткені мұғалімнің шеберлігі шәкіртті қалай, қалайша оқыту үшін оның психологиясын білу; екінші жағынан, оқытып- тәрбиелеудің әдіс- тәсілдерін, жолдарын терең білу және оны қолдана білу мен астасып жатқан мәселе. Тәжірибеде осы талаптарға сай мұғалімдер шеберлігі қалыптасып жетіледі.
 Заман талабына сай сабақта видео, аудио қондырғылары мен теледидарды, компьютерді қолдану оқушының дүниетанымын кеңейтеді. Әсіресе, оқулықтағы тарауларды қорытындылау кезінде оқушылар қосымша материалдар жинақтап, білімдерін кеңейтіп, танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, қисынды ойлау жүйесін қалыптастырып, шығармашылығын дамытады. Ақпарапттық-технологияларды сабақ үстінде пайдалану арқылы сабақ барысында техниканы қолдану арқылы материалды түсіндіру, оқушыны сөйлету және пікірталас, бекіту, оқушылардың білімін бақылау, жеке жұмыс, талдау, тестілеу, қажет ақпаратты іздестіру; сабақтан тыс уақытта оқушының дербес, өздігінен қолдануы, яғни үй тапсырмасын орындау, мәнжазбалар даярлау және өзіндік бақылау жұмыстары жүзеге асады.
  Оқу материалдарының мазмұнын көрнекілікті, түсінікті, қызықты етеді. Мұғалімдердің пайымдауынша интерактивтік бағдарлама олардың жартылай жұмысын атқарады. Мысалы: белгілі бір материалды интерактивтік тақтада орындау арқылы файлдағы белгілермен өзгерістерін сақтап қалуға болады, бұны сабақта болмай қалған оқушыларға қайта түсіндіруге немесе келесі жолы тағы да қолануға болады. Мұғалім оқытудың жаңа ақпараттық технологияларын меңгеріп, оны пайдалану арқылы өзінің материалдық базасын толықтырып, әрі уақытты үнемдейді. Мультимедиялық технологиялар көбінесе компьютерлік сыныптарда қолданылады. Қазіргі уақытта сабақ материалдарына байланысты көптеген электрондық оқулықтар мен компакт — дискілер бар. Бүгінгі таңда ақпараттық технологияның өмірімізге терең енуіне байланысты жеке пән сабақтарында компьютерлік техниканың мүмкіндіктерін толық пайдаланып, оқушыларға терең де тиянақты білім беруге жағдай жасалды. Компьютерлік графикалық материал презентациялық слайд көмегімен көрсетіледі, яғни сабақта көрнекілікті қолдану деңгейі артады. Оқу материалын беру логикасына көп көңіл аударады, бұл оқушылардың білім деңгейіне оң әсерін тигізеді. Ол оқушылардың интеллектін, логикалық ойлауын және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал жасайды.
   Оқытудың озық технологиясын меңгеру оқытушының кәсіптік шеберлігіне байланысты. Бұл әрбір ұстазды ойландырып, жаңаша жұмыс істеуге, жаңа ізденістерге жетелейді. Осы орайда Жүсіпбек Аймауытов «Сабақ беру үйреншікті жәй ғана емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер», — деп тұжырым жасайды. Сондықтан оқытушы өз пәнінен психологиялық тұрғыдан қарап, әдістемелік шеберлікпен келу керек. Сабақ барысында интерактивті технологияларды қолдану жұмысын өнімді, нәтижелі, ал оқушылардың білім алу әрекетін мәнді, қызықты пайдалы етеді.
  Қай заманда болсын өзінің атқаратын қызметіне қарай, жеке қасиеттерінің көптүрлілігіне орай, өзіне міндеттелген талаптарға сай, оқытушы мамандығы басқа мамандықтарға қарағанда ең қиын және ең ізгілікті мамандық болып саналады. Себебі, мұғалімнің негізгі міндеті жер жүзіндегі ең құнды дүние — адамды кемелдендіру болып табылады. Оқушы жүрегінен орын алатын педагог рухани бай, зиялы және шығармашыл тұлға болуы қажет.

 

Шетел тілідері және орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы
Штатбаева Г. С