

Білім – қоғамды әлеуметтік-мәдени, ғылыми үрдіспен қамтамасыз ететін жоғары құндылық. Болашақтың бүгінгіден нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамы алға апаратын күш тек білімде ғана. Қай елдің болсын өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты.
Eліміздің әлемдік біртұтас білім кеңістігіне бағыт алу кезеңінде кәсіби мамандар дайындау үрдісінің сапасын арттыру, бүгінгі күнгі білім беру жүйесінің ең маңызды міндеттерінің бірі. Қоғамдағы ұдайы өзгерістер білім беру жүйесінде болашақ мамандарды кәсіби ойлаудың жаңа қабілеттерін, дағдылары мен құзіреттілігін қалыптастыруды көздейді.
Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған басты міндет бәсекеге қабілетті, шығармашылық, үдемелі өзгерістер жағдайына тез бейімделуге дайын, өзін-өзі дамыта алатын, өз бетінше шешім қабылдай білетін қабілетті, кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды дайындау. Осы қоғамдық талапқа сай кәсіби маман дайындауда олардың кәсіби шыңдалуына басымдық жасайтын жоғары оқу орындарының атқаратын рөлі ерекше болып отыр.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мамандықты кәсіби тұрғыдан жетілдіруге байланысты парасатты пайымдаулар, ұтымды пікірлер келтірді. Қазіргі білім берудің басты мақсаты - болашақ маманға кәсіби бағытта кешенді білім беру мен тәжірибелік дағдыларды қалыптастыру ғана емес, сонымен қатар «өмір бойы оқу» қағидасының негізі болып табылатын, білім мен дағдыны үздіксіз кеңейіп, тереңдей түсуіне студенттің өз бетінше білім алуы мен өзін-өзі ұйымдастыру дағдыларын қалыптастыратыны сөзсіз.
Қазақстан әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті маман даярлауда үздіксіз білім беру жүйесінің кез-келген сатысындағы білім беру мәселелерін барынша жетілдіріп, инновациялық технологиялар мен әлемдік жаһандану мәселелерін бәсекеге қабілетті маман даярлауға бағыттауы тиіс.
Айдарова Г.К.
Қазақ, орыс тілдері мен әдебиеті кафедрасының
аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі