

Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл уақыт аралығында мемлекеттің нығаюына, дамуына ықпал ететін толассыз реформалалық өзгерістер көп болды. Әлемдік аренадағы еліміздің саяси және экономикалық тұрпаты айшықталды.
Тәуелсіздіктің екінші жиырма бес жылдығына аяқ басқанда рухани салада да ауқымды және іргелі жұмыстар алға шығып, бұл бағытқа тереңірек назар аударудың қажеттігі туындады. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан қоғамының іргелі негізіне әсер ететін ұлтымыздың рухани жаңғыруының басталғанын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жария етті. Бұл мақала жыл басындағы Жолдаудың жалғасы болып табылады.
Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең –ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Күн санап өзгеріп жатқан бұл дүниеде, заман ағымына икемделіп, «Жаһандану» деп аталатын-жаңа дәуірдің жағымды жақтарын ғана алуымыз қажет. Кез келген құбылыстың екі жағы болатынын ескерсек, жағымды жақтарын тани білу аса білімдар адамдардың ғана қолынан келмек.
Мықты Біртұтас Ұлт болу үшін, ата бабаларымыздан келе жатқан ұлы дала мен ұлт мәдениетін мұра еткен құндылықты сақтап қала отырып, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптауырын қағидалардың қазіргі заманғы қоғамның дамуына кері әсер ететін тұстарынан арылып, заман ағымына сай тұстарын ғана ұстанбасақ көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін еместігі айтылады.
Сонымен қатар сана- сезімнің көкжиегін кеңейтуге байланысты, жаһандық әлемнің де қажетсіз, тиімсіз кейбір дағдыларынан арылуға үндейді. Жастарымызды әлемнің озық білімімен қаруландырып, тәрбиесін ұлттық етуіміз керек.
Елбасының бұл бағдарламалық мақаласының, басты мақсаты қоғамға рухани серпіліс беру. Бағдарламада аталған бағыттар бір – бірімен тығыз байланысты. «Білімді мыңды, білекті бірді жығады» дегендей білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы бәсекеге қабілетті болсақ, «Туған жер» бағдарламасы арқылы жастарымыздың бойында ұлттық таным мен патриоттық сезімді сіңдіру арқылы ұлттық бірегейлікті сақтап, Қазақстанның революциялық дамуы емес, эволюциялық дамуына қол жеткізе аларымыз хақ.
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық
мемлекеттік педагогикалық институты.
Қазақстан тарихы, құқық және
экономика негіздері кафедрасы.
Сактаганова Э.Б