Латын әліпбиіне көшу – жаһандану талабы

Қазақстан жағдайында латын әліпбиіне көшу мәселесі тәуелсіздік алғалы бері дүркін-дүркін көтеріліп, әсіресе соңғы он жылда күн тәртібінен түспей келеді.

«Қазақстан -2050» стратегиясында ел алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі ретінде алға қойылғаннан соң, бұл мәселе ерекше қарқын алып, латын жазуын енгізудің саяси - әлеуметтік, экономикалық, мәдени - рухани, техникалық - психологиялық сияқты жақтарын ғылыми - қоғамдық сараптамадан өткізу шаралары жүргізілді. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшірудің теориялық, практикалық жақтарын талқылаған түрлі жиындар, баспасөз беттерінде пікіралысулар ұйымдастырылды.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлкеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл ұлт – болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін, осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын.
Қазақстан мемлекет болып құрылғалы бері, ХХ ғасырдың басында араб әліпбиі біраз қолданыста болды. Одан бертінде Ахмет Байтұсрыновтың төте жазуы енді. 1939-40 жылдары қазір тілге тиек етіліп отырған латын әліпбиін қолдандық. Содан кейін кеңестік саясаттың ықпалымен кирилицаға көштік. Осылай қазақ халқы біраз әліпбиді басынан өткерді.
Ал, тәуелсіз ел болғалы латынға көшу туралы мәселе жиі көтеріле бастады.
Биылғы 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үш бірдей жаңа бастама көтеріп отыр. Жыл басындағы Жолдауын Президент саяси жаңғыруға орайластырса, одан кейінгі экономикалық жаңғырудан соң, рухани жаңғыру бағдарламасы сынды. Сондағы түпкі мақсат – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы руханият саласындағы алда тұрған міндеттерді айқындап берді. Соның ішінде негізгісі – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру.
Дерек көздеріне сүйенсек, бүгінде әлемнің 112 мемлекеті, яғни 80 пайызы латын әліпбиін, 48 мемлекет араб әліпбиін қолданады екен. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының жетекші алты тілінің ішінде үш тіл латын әліпбиін қолданады. Тілдік отбасы үндіеуропа жазуы латын тілінен алынған. Қазіргі заманауи тілдердің негізгі – осы латын тілінен бастау алады.
Кешегі Кеңес Одағынан түркітілдес мемлекеттердің ішінен екі ел, яғни Қазақстан мен Қырғызстан ғана криллицаны қолдануда. Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан және Түркия мемлекеті латын әліпбиіне өткен.
Әлемдік ақпарат кеңістігіне шығатын бірден-бір төте жол – тек латын жазуы. Ал, латын әліпбиі тарихи дайын тұрған дүние. Қазірдің өзінде латын қарпі мектептерде оқытылып, электронды ақпарат құралдарында кеңінен қолданылуда. Латын әліпбиі бүгін интернет пен технологияның тіліне айналып отыр.
Латын тілінің тиімділігіне тоқталсақ,
• латын жазуды қолдануға, фонетикасы бойынша функционалды және бастауын мектептердің оқушылары үшін меңгеруге жеңіл;
• латын фонетикалық транскрипция негізінен түркі тілдерге ыңғайлы. Қазақтардың латынға көшуі – өзге үлттардың қазақ тілін зерттеуге және үйренуге сұранысын туғызады;
• латын басқа ұлт өкілдерімен жеңіл қабылданады. Өйткені, латын қарпі көпшілікке таныс, ал кирилицадағы спецификалық әріптер қиын қабылданады;
• латынға көшу – ағылшын және басқа шет тілдерін үйренуге тиімді;
Бүгінде Қазақстан тұрақты, қалыпты экономикасы бар мемлекеттердің қатарына кірді. Сондықтан да латын әліпбиі замана сұранысы, жаһандану талабы. Латын әліпбиі мемлекеттік тілді дамытуға қызмет етіп қана қоймай, оны әлемдік қоғамдастық қажет еткен заманауи ақпарат тіліне айналдырады. Латын әліпбиі – түркі дүниесінің басын қосатын фактордың бірі. Екінші жағынан, бұл – түркі әлемімен Қазақстанның бірігуі.
Сонымен, негізгі ойымызды түйіндеп айтар болсақ, латын әліпбиіне көшу – қазіргі жаһандану барынша қарқын алып, ұлттық тілдерге, мәдениеттерге қауіп-қатерді күшейтіп тұрған кездегі заманның ұлт алдына қойып отыран басты талабы.
Жаһандану үдерісі үдеген сайын әлем халықтарының арасында түрлі қарым – қатынастардағы тілдің рөлі де арта түседі.
Біз жаңа әліпбиге көшу арқылы ғана жат сөздермен барынша былғанған тіліміздің түркілік бомысын,бұзыла бастаған заңыдылықтарды қалпына келтіріп, туысқан түркі тілдерімен табиғи түрде жақындай түсіп, сонымен бірге әлемдік өркениетке де жақындай беретін боламыз.
Осы игілікті істі ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру – баршамыздың парызымыз. Ендеше, іске сәт демекпін.

 

АрқМПИ ректоры

С.Б. Қуанышбаев