ОҚУШЫЛАРҒА МУЗЫКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДЕ БАҚЫТЖАН БАЙҚАДАМОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен экономикалық және қоғамдық сананы жаңғыртуды мұрат еткен Қазақстанның үшінші жаңғыруы іске асырылып жатқаны белгілі.  Елімізде   жүзеге асырылып жатқан ілгерлеу саясаты қоғам өмірінің барлық саласына, соның ішінде мәдениет пен білімді дамытуға кеңінен жол ашуда. Білім саласында ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсаты қойылды. 

Жалпы білім беретін мектептің музыка сабақтары – білім мен тәрбие беру ісіндегі маңызды саланың бірі. Музыкалық тәрбие берудің басты міндеті – оқушыларды музыканы дұрыс тыңдап, түсінуге және оны әсерлі орындай білуге баулу. Орындаушылық шеберлікті шыңдау ән-хор дағдыларын жүйелі түрде жолға қоя білумен тығыз байланысты.

Данышпан Әл-Фараби бабамыз: «Адамға ең бірінші тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне және қоғамға үлкен апат әкеледі» – деп айтқан.

Қазақстан кәсіби композиторларының балаларға арналған  әндері, хорлары, аспаптық шығармалары музыкалық білім беру саласындағы жаңалықтарға игі әсер етті. Кәсіби композиторлар Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Ибрагим Нүсіпбаев, Әбілахат Еспаев, Бисенғали Ғизатов, С.Мұхамеджанов т.б. мектеп бағдарламасына лайықты ән, күй, хор туындыларын жазды. Осындай балалар шығармашылығына үлес қосқан кәсіби композиторлардың бірі бүгінгі мақалама арқау болып отырған    Бақытжан Байқадамов.

Бақытжан Байқадамов 1917 жылы 24 наурызда Торғай жерінде дүниеге келген. Оның әкесі Байқадам Қаралдин мен анасы Үрзипа өз заманының оқыған, сонымен бірге айналасына танымал, ән мен күйге жақын өнерлі жандар болған. Болашақ композитор мектеп пен институт қабырғасында жүріп-ақ көркемөнерпаздар үйірмесіне үнемі қатысып, алғашқы әндерін шығарады. Байқадамов институттан физика және математика пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шығып, бірнеше жыл мектепте сабақ береді. Алайда оның бойына біткен дарыны өнерге деген құштарлығы Алматы мемлекеттік консерваториясының композиторлар даярлайтын бөліміне алып келеді.

Бақытжан Байқадамовтың «Домбыра», «Кен зерттеушілер әні», «Қазақстан магниткасы жастарының маршы», «Ақ бидай», «Су тасушы қыз», «Өзіңсің»,  «Теміртау жастарының маршы» сияқты әндері – сол кездегі еңбек адамдарының сүйіп айтатын, олар жасампаз өмірге жігерлендіретін туындылар, қазақ ән өнерінің сарқылмас қазынасына  айналды. Композитор халықтың мұң-мұқтажына, оны не мазалайтынына, бәріне де көңіл бөлуге тырысты. Оның шығармалары Отаны мен халқын сүйген әрбір азаматтың қуанышы мен қайғысын, жеңісі мен нәубетті күндерін жырлаған.

Композитордың «Домбыра», «Өзіңсің», «Сүйген сәулем» т.б жастық шақ пен сүйіспеншілік сезімін жырлайтын небір әсем әндері күні бүгінге дейін әншілеріміздің репертуарларынан түспей келеді.

Әндерінің табысты болуын көп жағдайда орындаушылар қамтамасыз етті. Б.Байқадамов өз өлеңдерін тек қана нақтылы бір әншілерге ғана арнап жазған, және бұл орайда солардың барлығы да – Жамал Омарова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова,  ағайынды Абдуллиндер еш күмәнсіз оның әндерін бірге жасап шығарушылар болып табылады.

   Б.Байқадамов – қазақ  музыкасында ән хор жанрын кеңінен дамытуға үлес қосқан композитор. Ол Қазақстанда көп дауысты хор мен сүйемелдеусіз айтатын а капелла хорын ұйымдастырушылардың бірі болды. Оларға арнап халықтың ән-күйлерін өңдеді және өзі де төл шығармаларын жазды. Мысалы: «Той базар», «Он алты қыз», «Майра», «Жариям-айдай», «Су тасушы қыз», т.б. шығармаларын айтуға болады. 

Композитор «Шолпан ойы», «Қалыңдық арманы», «Айтыс» деп аталатын хор поэмаларын жазып, «Ахау Семей», «16 қыз», «Елім-ай» сияқты халық әндерін хорға лайықтап өңдеді. Б.Байқадамов – халық сазгерлерінің күйлерін тұңғыш хорға лайықтап түсірген сазгер. Соның бірі – Құрманғазының күйі «Ақбай», халық күйі «Шалқыма».

Хорға арнап ән жазушы композитор ретінде Бақытжан Байқадамов қазақтың халық әндерін шеберлікпен өңдегендігімен ғана емес, ол бәрінен де бұрын қазақ өнері үшін жаңа жанрларды  хор сюитасын, хор поэмасын, хор күйін жасап шығарушы ретінде әйгілі болды. Хор шығармашылығында композитор өзін нағыз жаңалық енгізуші ретінде көрсетті.

Өмірге қатысты негізгі ойын композитор жеке әндер мен хорлар арқылы жеткізуге тырысты, өйткені бұл жанр кең қауымға түсінікті. Ән туралы композитор былай деген: «Өмір дегеніміз ән, ән дегеніміз – өмір»  бұл сөздері шығармашылығының өзегі болып табылады. 

Бақытжан Байқадамов  әндері мен хорлары балаларға түсінікті, әуеннің ашық, айқын сазды, сиқырлы үні тартымды. Балаларға арналған көптеген әндерінің  ішінде «Айгөлек», «Біз – Отанның бөбегі» сияқты әндері музыкалық тәрбие беруде ерекше мәнерлі, мағыналы шығармалар. Әндерінің барлығы дерлік балалардың музыкаға қызығушылығын оятып, ізгілік қасиеттерді бойына сіңіруге жол ашатын тағлымды туындылар. 

Оқушыларға патриоттық тәрбие беруде композитордың «Панфиловшы батырлар», «Найзағай», «Ант», «Біз батырлар ұрпағымыз», Мәлік Ғабдуллин туралы әндерінің маңызы зор.

 Композитордың әндерінің бірі «Кел билейік» – мұнда жеткіншек ұрпақты би өнерін  меңгеруге шақыра отырып, өнердің қай түрі болмасын балаға артық болмайтыны айтылады. Әнде оқушының ырғақты сезіне отырып шырқауына үлкен әсер бар. Ән жылдам екпінде он алтылық қысқа ноталарды дұрыс та шебер орындауға  мұқият болуды қажет етеді.

Музыкалық тәрбие және білім, халық педагогикасы, оқушыларды оқытуды ұйымдастыру жалпы білім беру мектебі мен балалар музыкалық мектептерінде жүзеге асырылады.

Композитордың оқушыларға арналған әндерін сырнай аспабында орындауға лайықтап жазуға  Смақова З, Алыбаев Т, Мұстафин Т, Б.Раевалар   үлес қосты.  Музыка мектебінде сырнай класында оқитын балаларға қазақ музыкасының тамаша үлгілерін орындату, өз халқының әуеніне, композитор шығармаларын ажырата біліп, оның мазмұнын түсіне орындауға тәрбиелейді. Байқадамовтың «Айгөлек» әні, «Желдірме», «Кел билейік» т.б. шығармалары сырнай аспабында орындауға ыңғайлы жазылған.

«Күзетте» – әні кең даламыздың байлығын қорғау баршамыздың міндетіміз  деген тақырыппен мажорлық ладта – патриоттық тәрбиеге арналған. Өлшемі ¾, 4/4, үш куплетті, қайырмамен, салмақты орындалады, мектеп оқушылары орындауға лайықты ән.

Б.Байқадамов жалпы білім беру мектептеріне арналған музыка пәнінің мұғалімдерін дайындауға бағытталған педагогикалық институттардың жанынан музыкалық факультеттер құру идеясын ойлап тапты. 

Композитор республикаға танымал бірнеше ұжымдардың дүниеге келуінің қайнар басында болған. Хор капелласын құруда және оның негізгі репертуарын жазуда үлкен еңбек сіңірген.  Жаңа ұжымға бірнеше вокалды-хореографиялық композиция арнап жазып, ҚазССР-інің Мемлекеттік ән мен би ансамблінің көркемдік жетекшісі болады. Сол кезде жазылған   «Саяхатта» туындысы  Москвадағы жастар мен студенттердің бүкіләлемдік фестивалінде орындалып, композитор бірінші дәрежелі Алтын медальмен марапатталған.

Бақытжан Байқадамов – бақытты да қайғылы тағдыры бар адам. Оның бүкіл саналы өмірі «халық жауының ұлы» – деген таңбалық белгінің астында, ал шығармашылық тағдыры – бүкіл халықтың оған деген құрметі мен махаббатының қанаты астында өтті. 

Бақытжан Байқадамов соңынан аса бай мұра – 200 ден астам өнер туындыларын қалдырып кетті. Ол Қазақстанның музыкалық мәдениетінің тарихында алдыңғы қатарлы композиторлардың бірі, көптеген хор туындыларының, ірі вокалды-би композицияларының авторы ретінде ғана емес, сонымен қатар дарынды ұйымдастырушы, музыкалық ұжымдардың жетекшісі, өзгеріс енгізуші ұстаз, қазақтың халық аспаптарын жетілдіру мен қайта жасау саласындағы тәжірибеші ғалым ретінде де қалды.

Республикамызда жалпы білім беретін қазақ мектептерінде музыка сабағына арналған бірнеше бағдарламалар бар. Әрине, бұл бағдарламаларда  қазақ кәсіби композиторлары шығармаларының алатын орны ерекше. Музыкалық тәрбие беруде осы бағдарламаларды негізге ала отырып,  Б.Байқадамовтың ән-хор шығармаларын сабақтың тақырыбына сай үйретіп, тәрбиелік мәнін оқушылар санасына терең ұғындырып, Рухани жаңғыру аясында тектілерге мекен болған Торғай өңірінің мәдениетін жандандарып, шежірелі өлкенің өнер тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізудің  маңызы зор.

                                                                       

                                                   Жармағанбетова Жаңагүл Рахымжанқызы

                                   аға  оқытушы