Рухани жаңғыру - ұрпақ тәрбиесінің бастауы.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Қазақстан халқының бүгінгі болмысын нақты танып, оның кемел келешекке қадам басу үшін қажетті басым бағыттарды айқындауымен құнды. Мақалада көрсетілген жақын кезеңде атқарылуы қажет қадамдар еліміздің дамуына қажетті алғышарттар болып табылады.
Әсiресе, Елбасының Ұлттық бiрегейлiктi сақтау жөнiндегi бастамасы көңiлге қонымды. Ұлттық салт-дәстүрлерiмiз, тiлiмiз бен музыкамыз, әдебиетiмiз, жоралғыларымыз, бiр сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгi қалуға тиiс- деген сөзiнде терең мән жатыр. Аталған ұлттық құндылықтарымыздың бастапқы негіздері жас ұрпақтың бойында балабақшадан бастап қаланғаны орынды. Себебі, балабақша – келешек ұрпақтың жаңарып-жандануының қайнар көзі.
Мектепке дейінгі кезең, адамгершілік мөлшерлер мен ұлттық құндылықтарымызды меңгерудің қарқынды даму кезеңі екендігін кейінгі зерттеулер дәлелдеп отыр. Ұлттық құндылықтар дегеніміздің өзі халықтың ұлттық тілі, ұлттық мінез-құлқы, ерекше адамгершілік қасиеттері, ұлағатты тәлім тәрбиелік мәні бар даналық өсиеттері, мақал-мәтелдері, әдеби және музыкалық шығармалары, салт-дәстүрлері, діні, ұлттық ойындары, мерекелері және т.б. Яғни, рухани құндылық адамдық қасиеттің өлшемі, оның жақсылыққа талпынуы, өзге адамға жанашырлық білдіруі, айналадағы адамдарға қайырымдылығы, өмір сүру мәселелері жайында ізденуі, өзін-өзі танып, сол арқылы дүниені, әлемді тануы.
Баланың рухани дүниеге көтерілуі – дегеніміз баланың дүниеге келген күнінен бастап, оның дүние тануын, ақыл-ойымен жүрекпен тануын, ең нәзік, ең шынайы, ұғыну, қабылдау, сезіну деп түсіну қажет. Мәселен, балада алғашқы күннен бастап-ақ адамға деген шынай сүйіспеншілік сезімі болатынын М.Жұмабаев өз еңбегінде былай суреттеп берген: «Ананы сүю» сезімі оянады. Анасын сүю, анаға жауыздық тілемей, ізгілік тілеу деген сөз. Бірақ ес білген соң туысқандық сезімі, яғни араласып айналасында жүрген адамдарды сүю сезімі оянады. Ол елін сүю сезімі жер жүзіндегі барлық азаматты сүю сезіміне алып барады. Бұл сөздерден ізгілік деген сөздерден дұрыс һәм толық мағынасы мынау екен: әр адамның өзін сүюі, яғни яғни жауыздықтан безіп, ізгілікке ұмтылуы, туысқандарын сүю, яғни оларға жауыздық тілемей ізгілік тілеу, өз елін сүюі, пайда келтіріп, зиян келтірмеу, һәм басқаларға да зиян келтірткізбеу, ең негізінде - біткен адамзатты дос һәм бауыр көру екен. Міне, кімде-кім өзін сүйсе, өз елін сүйсе, әсіресе біткен адам баласын бауырым деп білсе, сол адамды ізгі деп атаймын». Сондықтан бүгінгі күннің жаңару бағыты бала тәрбиесінің арқауына ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді халықтың рухани игілігіне пайдалану басты назарда болуы көзделіп отыр. Көбінесе халықтық дәстүрлерді насихаттау балабақшаларда мерекелік іс-шара түрінде ғана жүзеге асады.
Қазірден ұлттық рухани мәдениетіміздің бүгінгі заман талабына сай жаңа бағдарламасын жасап, соны күнделікті өмір салтымызға батыл ендіруіміз керек. Сонда ғана біз өзінің дербес ұлттық рухы, мәдениеті, санасы дамып жетілген өркениетті ел болып, адамзаттың ұлы көшіне ілесіп, басқа халықтармен терезесі тең халық ретінде өмір сүре аламыз.

 

«Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының
аға оқытушысы Темирханова Қ.Ш.