Ұлттық қолөнеріміздің хас шебері Садуақас Көгентаев – зергерлік өнердің жебеушісі

   Қазақтың халықтық зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алады өнердің бұл түрінің түп төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр. Археология мен топонимиканың деректеріне қарағанда, Қазақстан территориясында мыс, қалайы, алтын, тағы басқа асыл және түсті металдарға бай кең орындарын игеру ісінің ежелгі замандардан-ақ қолға алынғандығын айғақтайды. Қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдарға қолтаңбалар ежелгі өнердің көркемдік деңгейінің биік болғанын байқатады. Қазақтың зергерлік өнері ежелгі дәстүрлердің сабақтастығы мен көрші халықтар мәдениетінің өзара ықпалы арқылы қалыптасқан. Үй кәсібіне негізделген ұлттық қолөнердің басқа түрлеріне қарағанда, зергерлік өнердің өзіндік жасалу ерекшелігіне тән кәсіптік мінездемесі бар. Қазақ зергерлері көбіне жеке дара жұмыс істеп, өз өнерінің қыр-сырын ұрпақтан-ұрпаққа үйретіп отырған. Олар алдын ала арнайы дайындықтан өтетін, белгілі бір құрал-саймандарды ғана қолданатын болған. Зергерлердің соғатын заттарының түрлері өте көп болған. Оған әйелдердің әшекейлері, киім-кешекке тағатын түрлі сәндік бұйымдары, ас-су жабдықтары, киіз үйдің ағаш сүйегіндегі ою-өрнек, жиһаздық заттар, ағаш ыдыс-аяқ, тері торсық, музыкалық аспаптар, қару-жарақтар, ат-тұрман әбзелдері және тағы басқалар жатады. Бұларды әсемдеу үшін көбіне алтынды, әсіресе, күмісті молырақ қолданған. Зергерлер металдың өңін ашу шеберлігін жете білген. Соғу арқылы белгілі бір қалыпқа түсірілгенде күмістің бетін қайтадан бипазбен егеу арқылы жылтыратып, майда нақыштармен шекімелеу тәсілімен өрнектеп барып тартымды, құлпырмалы түске келтіретін болған. Зергерлер күміс бұйымдарды асыл тастардан сапфир, зүбіржат, гауһар, ақық, інжу, маржан және жақұттан көз қондыру арқылы да әсемдей түскен. Түрлі-түсті шыныларды және тағы басқа әсем рең беретін заттарды да кәдеге асырған. Қазақ зергерлері түсті металдардан жасаған сан алуан әсемдік бұйымдар – сәукеле әшекейлері, сырға, шолпы, шекелік, алқа, өңіржиек, қолтықша, тұмарша, білезік, сақина, жүзік, белбеу, қапсырма, түйме ертеден-ақ кең тараған заттар. Сондай-ақ ерлерге арналған кемер белбеу, кісе, ер-тұрмандарының күмістелген, алтындалған әшекейлердің неше түрлісі өте әдемі жасалады. Ал жағлан, кебеже, сандық, асадал, тосаған, адалбақан, піспек, тегене, ожау сияқты үй жиһаздары мен ыдыс-аяқтар бетіне орнатылған күмістелген әшекейлер мен түрлі шыныдан не болмаса асыл тастардан орнатылған көздері бар заттарды кез келген үйден кездестіруге болады. Қару-жарақ беттерін күмістеу сияқты істермен де айналысқан. Осындай ата-бабамыздың асыл мұраларын жалғастырушылардың бірі де бірегейі жерлесіміз Садуақас Көгентаев болатын. Ол Аманкелді ауданының Жыланшық өзені бойындағы ауылда 1898 жылы туып, кейін Үрпек ауылына келген және өмірінің соңына дейін сол ауылда тұрған. Садуақас ұстаның арғы атасы Қойбас, одан Елубай, Елубайдан Бердіқожа, одан Бейімбет, Бейімбеттен Таутан, Таутаннан Садуақастың әкесі Көгентай туған. Бұлар үш жүз жылдай ұсталық дәстүрін жалғастырған шеберлер. Садуақас өз әкесі Көгентайдың шәкірті болған. Ұсталықпен қатар зергерлік өнерді де жетік меңгерген Садуақас жасынан әкесіне шәкірт бола жүріп шеберліктің сан қырын игергені сондай, сырғалар түрлері, қапсырма, білезік түрлері, торсылдақ түймелер, зергерлік түйреуіштер, жүзіктер, сақиналар, алқа, шекелік, бойтұмар, қыз жасауы, сәукеле, күміспен күптелген сәукеле, күміс белдіктер, шекелік, үкіаяқ, металл бетіне күміс жалату, күміске алтын жалату, ағаштан бесік, ер, күбі, тегене, кебеже, сандық, ағаш ожау, тостаған, ағаш табақ, ағаш астау сияқты тұрмыстық заттарды оңай жасай алатын болған. Зергерлік өнердің қыр-сырын жақсы меңгерген ол сымкәптеу, бұрамалау, сірке салу, қара су жүргізу, түрлі батырма және бедерлік өрнектер салу тәсілдерін жетік меңгергендігімен жасаған бұйымдары көз жауын алатын болған. Жоғарыда келтірілген түрлі асыл тастармен зергерлік бұйымдарды безендіріп, жүкаяқ, тегене, кебеже, сандық, жастық ағаш, төсек ағаш, асадал, адалбақан секілді тұрмыстық бұйымдарға да күміспен күптеп көздер орнатып, сәнді етіп жасай білген. Колхоздастыру кезеңі мен соғыс жылдарында машиналар тетіктерінің жетіспеген кейбір бөлшектерін темірден соғып өз қолымен де жасай білген ұста. Өз ауылында тұрмысқа қажетті темірден соғылатын заттарды да түрліше нақыштап жасау, қару-жарақ соғу, ат әбзелдерін жасау кәсібін жақсы игерген. Өзінің кейінгі ұрпақтары Садуақас әкелерінің ата кәсібін шебердің дәл өзіндей меңгермесе де әкесінің мұраға қалдырған құрал-жабдықтарын иеленгендіктен сақина-жүзік,білезік т.б. зергерлік бұйымдарды соғу амалдарын меңгерген делінеді. Ал атақты ұста немесе зергер болыпты деген атпен танымал болғаны белгісіз. Сөз соңында айтарым, міне, осындай халық арасынан шыққан аяулы ұста да зергер жандардың игілікті істерін бүгінгі ұрпаққа жаңғыртып жеткізу біз секілді аға буынның парызы демекпін.


Музыка және бейнелеу өнері кафедрасының
аға оқытушысы Байсеңгіров М.Қ.