Қазақ ұлтының санасында сақталып, оның қоғамдық өміріне мінсіз қызмет еткен билер соты

         Қазіргі тарихи кезеңде ұлттық саясатты қалыптастыруды жүзеге асыру үшін тарих тағылымынан сабақ алып, ұлттық мемлекетті қайта қалпына келтіру, ұлттық сананы қалыптастыру жолындағы  қазақ қоғамындағы билер қызметін терең зерделеп, жетекші ойларын басшылыққа алу орынды.        

Елбасымыз ата-бабаларымыздың батырлығына, даналығына бас ие отырып, өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды. Мен халқымның тағылымы мол тарихымен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деген еді.       

Сондай-ақ, Елбасымыз «Тарих толқынында» атты кітабында:  “Тарихи тек-тамырыңның тереңнен бастау алғанын танып-түсіну, ата-бабаңның шапағаты мол шабытты істерін заңды мақтаныш ету, тоталитарлы кезеңнің зардап-тарынан арылу, сөйтіп тарихи сананы уақыт талабына сай қалпына келтіру ұлттық тұтастануға тегеурінді серпін беруге тиіс… Тарихтағы өз орныңды білу, бабаларыңды ру төмпешігінің деңгейінде емес, жалпыұлттық өреде мақтан тұту, ұлан-байтақ Евразия тарихында ұлы істерге ұйтқы болған қазақтар мен олардың бабаларының өзіндік орнын танып-түсіну, ұлттық қадір-қасиетіңді қорлайтын жаттанды жалалардан арылу, міне, ұлттық тұтастыққа кепіл болатын бүгінгі күннің ең қуатты тетіктері осылар!”-деп жазды.          

Қазақ хандары билік құрған заманда билердің алған орны, мемлекеттік құқық пен ел басқаруға қосқан үлесі орасан зор болды. Нақтылап айтар болсақ, әлемдегі ешбір халықтың, ешқандай мемлекеттің даму тарихында кездеспейтін, тек қазақ ұлтының санасында сақталып, оның қоғамдық өміріне мінсіз қызмет еткен билер соты, олар ұстанған әділдік – біздің, бүгінгі Егемен елдің соттар қауымдастығы үшін өнеге алар, таусылмас рухани байлық болып табылады.      

«Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында біртұтас ұлтты қалыптастырудың маңызы зор. Осы орайда Елбасы аталған мақаласында: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» дейді. Бұл жерде Мемлекет басшысы «ұлттық код» мәселесін бекерге бірінші орынға қойып отырған жоқ. Біз ендігі кезекте «ұлттық кодты» – ұлттық идеологиямыздың түпқазығы ретінде танып-білуіміз қажет. Ал еліміздегі ұлттық идеологияның ең басты мақсаты –тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, мәңгілік баянды ету болса керек» деп атап көрсетті. Шындығында да «Билер соты тек құқықтық институт қана емес, тарихи және мәдени мұра болып табылатын халық пен мемлекетті басқарудағы дана институт. Ендеше, «қара қылды қақ жарған» қазақ билерінің бойындағы асыл қасиеттерді бүгінгі сот жүйесіндегі жас ұрпақтың бойынан табылуы үшін барлық жағдай жасауымыз керек.        Жастардың бойында мемлекет және құқық тарихына деген сый-құрмет қарым-қатынасын тәрбиелеу, мақтаныш және патриотизм сезімін қалыптас-тыру бүгінгі қоғамыздың басты міндеттерінің бірі.        

Қазақ ұлыстарында билер ерекше құқыққа ие болды: олар сот, әкiмшiлiк-тiк және әскери билiктi iс жүзiне асыра, сұлтандармен қатар жалпы мемлекеттiк басқару iстерiне араласып отырған. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институты өкілдерінің бойына тән негізгі төрт лауазымды қасиеттер:  әскери қолбасшы, әкiмшiлiктiк тұлға,  төрешi,  дала аристократиясының өкiлi тән.     

 Академик Салық Зиманов : «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген кітабында: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын. Билер сотының осы асқақ мұрат тарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болған» дейді.       

Қазақ даласында би болу оңайлыққа түспеген. Тек «Құдайдың сүйген құлдары ғана би бола алады» – деген нақыл сөз содан қалған.          «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында билер сотын ұлттық құндылық деп танып, оны қоғамда кеңінен насихаттаудың маңызы зор. Жастарды патриоттық сезімде тәрбиелеу, мемлекете адал ұрпақ өсіру қоғамда әділеттіліктің рөлін арттыру, қазақ халқының тарихи тұлғаларының өнегесінен тәлім алудың маңызы зор.  

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық   мемлекеттік педагогикалық   

институтының аға оқытушысы, заң ғылымдарының

магистрі  Т.Б.Бошыбаев