Дене шынықтыру мәдениеті ұжымының рухани жаңғырудағы тәрбиелік мәні

Дене шынықтыру мәдениеті ұжымының тәрбиелік мәні туралы мәселе тәрбиенің барлық түрі  үшін маңызды. Әсіресе, оның рөлі адамгершілік және еңбек тәрбиелерінде орасан зор. Адамгершілік тәрбиесінің міндеттерін шешуде дене шынықтыру мәдениеті ұжымы үлкен маңызға ие, яғни Ш.С.Макаренконың тамаша педагогикалық тәжірибесі көрсеткеніндей, қоғамдағы тәрбие жұмыстарының басты қозғаушы күші ұжым болып саналады.

Ұжымды ұйымдастыру және әрбір адамға талап қою, адамның іске асатын ұжыммен бірге ұмтылысын ұйымдастыру, тәрбие жұмысының мазмұнын құрайды. Сондықтан ұжым тәрбиесінің объектісі және субъектісі ретінде де алға шығады. Ұжым мүшелерін рухани байланыс, яғни мақсаттың, әсерленушіліктің бірлігі, денені жетілдіру, спорттағы шеберлікті өсіру және жоғары нәтижеге жету үшін күрес біріктіреді. Бұл, өз кезегінде, сапалы тәртіпті, спорттық еңбек сүйгіштікті, өзара жолдастық көмекті, жеңіске деген ерік-жігер мен басқа да шұғылданушылардың адамгершілік және жігерлілік сапаларын тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасайды. Дене шынықтыру мәдениеті ұжымы спортшыға өзінің қоғамдағы орнын, қоғамдық борышын, іс-тәжірибе жүзіндегі қызметінің мәнін білуге жәрдемдеседі. Әсіресе, жастардың адамгершілік бейнесіне спорттық команда терең әсер етеді. Бірге жаттығу олардың спорттық шеберлігін жетілдіріп қана қоймайды, сонымен бірге жоғары рухани өнегелілік сапаларын қалыптастырады, өз командасына, әріптесіне деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді. Командадағы әрбір спортшының жеңісі жалпы іске айналып, ал жолдасыңның сәтсіздігіне риясыз жәрдем беруге ықылас туғызады. Жақсы команда этикалық өлшем талабын бұзу, яғни белгіленген күн тәртібі режімін елемеу, шынайы емес мінез-құлық көрсетуі және бейбастық жасау назардан тыс қалмайды. Дене шынықтыру мәдениетінің тәжірибелік жұмыстарының негізінде ұрпақтан ұрпаққа қалдырылатын спорттық дәстүрлер пайда болады.

Дене шынықтыру мәдениеті ұжымының барлық қызметі қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста және оның тамаша мектебі болып табылады. Бұған қоғамдық пайдалы еңбек, қоғамдық тапсырмаларды ұжыммен бірге орындау, дәстүрлі спорт жарыстарында басқа ұжымдармен кездесу, үгіт-насихат шаралары қызмет етеді. Дене шынықтыру мәдениеті ұжымының қоғамдық жекелеген ұжым мүшелерінің рухани жаңғыру санасындағы, іс-әрекетіндегі және мінез-құлқындағы жетіспеушіліктерді жеңуге мүмкіндік береді. Ұжым күшіне сүйенбей ешбір тәрбиеші, дене тәрбие пәні мұғалімі, жаттықтырушы, спорттық төреші және т.б. алдына қойған міндетін толық қанды шеше алмайды.

«Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының аға оқытушысы,

педагогика ғылымдарының магистрі  

Култанов Дастан Темиржанович