Табысты ел болудың кепілі

Адамды да, қоғамды да алға жетелейтін құдіретті күш – білім. Шоқан Уалихановтың «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» деген қанатты сөзі күн сайын өз дәлелін тауып келеді.  Мемлекет басшысы да «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыты ретінде білімнің салтанат құруын маңызды деп санайды. Ел басының аталған мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек.

Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатар¬ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» делінген.  Ата-бабамыз аңсаған азаттығымызды алдық, тәуелсіз ел болдық, білім мен ғылым саласына да мемлекет тарапынан айтарлықтай қаржы бөлініп, біраз нәрселерге қол жеткіздік. Білімді бірінші орынға қоятын ел қай кезде де көштің басынан көріне алады, табысқа да жете алады. 

Дегенмен, XXI ғасырдағы орын алып отырған интеграциялық процесстердің орын алуы, адам өмірінің әр түрлі саласында ақпараттық технологияның ұшқыр дамып енгізілуі, адамдардың толыққанды білім алудың басқа да жолдарын ашты. Ол жолдар жастарымыздан қосымша тіл білу, сан түрлі ақпараттық технологияларды меңгеруді қажет етеді. Сонымен қатар, мысалы соңғы жүргізілген зерттеу нәтижелері бүгінгі жұмыс орындарының көпшілігіне қауып төніп отырғанын көрсеткен екен. Яғни, қазір біз білетін мамандықтар болашақта қажет болмай қалуы әбден мүмкін деген ақпараттар бар.

Ел Президентінің рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы  күш деп айтыуының маңызы да осында.  Қазіргі нарық талап етіп отырған бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда «алма піс, аузыма түс» деп жатудың өзі әбестік. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта отбасы мен ел болашағы үшін еңбек ету әркімнің міндеті. Өмірінде үлкен табысқа жеткен Американдық атақты өнертапқыш Генри Фордтың «Табыс негізінен күтіп отырған адамға емес, бос отырмаған адамға ғана келеді» деген жаксы сөзін де мысалға алуға болады, сондай-ақ, қазақ «Еңбегің болмаса елге өкпелеме, ықтасының болмаса желге өкпелеме» дегендей, әр адам ашық санамен, яғни санасын жаңғыртып, өзгерістерден қорықпай еңбек қылғанда ғана оның нәтижесін көреді. Сондықтан мемлекетіміз алға қойып отырған  міндеттерді орындауға бүкіл халық болып жұмылмасақ, жастарымызды еңбексүйгіштікке тәрбиелеп, заман талап етіп отырған сандық технологиялар мен қажет тілдерді меңгеріп, білімнің шыңына жеткен уакытта ғана  табысты ел болуымыздың кепілі бола аламыз.


Қазақстан тарихы, құқық және экономика негіздері

кафедрасының аға оқытушысы К.Г. Едресова