ХАЛЫҚ ҮНІН ЕСТУДІҢ ОҢТАЙЛЫ ЖОЛЫ

ХАЛЫҚ ҮНІН ЕСТУДІҢ ОҢТАЙЛЫ ЖОЛЫ

Биылғы дәстүрлі Жолдауында Президент Қ.К.Тоқаев: «Әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек. Бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет» - дей келе төмендегідей тапсырмалар мен іс-шараларды ұсынды.
Алдымен, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне сай ел азаматтарының көлемді емес, халық түсінетін, ықшамды мемлекеттік бағдарламаларға көшу қажеттігін айта келе, шенеуніктерді 25 пайызға қысқартуды тапсырды.
Жаңа жағдайдағы экономикалық даму халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керектігін баса айтқан Президентіміз еліміміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негіздеді..
Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты баспана мәселесімен тікелей байланысты екендігін сөз еткен Мемлекет басшысы нарық жағдайындағы тұрғын үйдің қолжетімді болу түрлерін: зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану, өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек беру, «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жолға қою, жер үй салу мәселесін алға тартты.
Қолжетімді әрі сапалы білім беру де келелі мәселелердің бірі болды. Мемлекет басшысының: «Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым» - деген байлам айтты. Сондай-ақ, ұрпақ өсіруге мән бере мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушыларының тәрбиесіне де Президенттің: «Мамандардың негіздеуінше, мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік ара-жікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Осыған орай, мемлекет кәдімгі қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге, бұл қадам қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады» - деп, қырағылық танытқаны көңілге қонады.
Мемлекет басшысы мектептен бастап жоғары оқу орнына дейінгі барлық білім беру сатысында «Кәсіпкерлік негіздері» атты пәнді оқыту қажеттігін атап өтті. Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетін жетілдіру, «Балалар үйірмесі» қызметін жандандыру сынды мәселелерге де басымдық бере тоқталды. Мемлекетіміздегі білім берудің саны мен сапасы да назардан тыс қалмады. Дәлірек айтқанда, білім беруді табысты бизнеске айналдырған ЖОО-ның сипаты айқын болды. Егер дәл осы мәселе шешімін табар болса, білімді әрі мақсаты айқын жастардың келешегіне тың жол ашылар еді.
Жолдау барысында, «Жауапсыз несие беруді заң жүзінде тоқтату», «Жемқорлықпен күресудің жаңа тәсілін енгізу», «Жаңа ведомостовалар құру» сынды тапсырмаларды ұсынып, бұл салаларды дамытуды қолға алатынын ашық айтты.
Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру екендігіне басымдық берген Мемлекет басшысының: «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді...
...ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр» - деп, Абайдай дана мен Ахметтей ұлт ұстазының өсиеттерін бағдар етуі – көңілге үміт ұялатады.
Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың: «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог» - деген ұстанымы жүзеге асуы шарт! Сонда ғана биік мұратқа жетелейтін «еңбек» деген ұлы ұғым әр Қазақстандықтың санасына сіңіп, елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі қалыптасып, «халық үнін естудің оңтайлы жолы» жүзеге аспақ!!!

ф.ғ.к. Дүйсебекова А.Е.