Білім жолындағы жауапкершілік

Білім жолындағы жауапкершілік

Биылғы Президент Жолдауы жаңа мемлекет басшысының екінші жолдауы болып отыр. Қай азамат болмасын жыл сайынғы мемлекет басшысының Жолдауларынан өзінің мамандығына, атқарып жатқан қызметіне орай игі істердің бастамасын көруге асығатыны айдан анық. Биылғы Жолдау да халықтың ойында жүрген шешімін күткен мәселелерге арналып отырғандығын байқауға болады. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – білім нәрін себетін ұстаздар айлығының көтерілуі дер едім.
Әрине, барлығы айлыққа байданысты емес. Алайда қазіргі қымбатшылық кезеңде мұғалімдер айлығының өсіп отыруы оны және оның отбасын аздап болса да материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Ұлт болашағы – ұстаздың қолында» деген Алаш қайраткерлерінің ұстанымы өмірлік мәні бар сөз екенін білеміз. Ұлттың білімді де тәрбиелі нағыз азаматтарының қалыптасуы алдымен ұстаз еңбегімен бағаланады. Ұстаздың ұстамы мықты болса, оның шәкірті де жай болмақ емес. Қоғамдағы ұстаздарға байланысты айтылып жүрген келеңсіз әңгімелер соңғы айларда азайған сияқты, себебі карантин талаптары ұстаз еңбегінің қаншалықты ауыр да жауапты екенін қоғамның барлық әлеуметтік жіктері тарапынан мойындатты. «Бес саусақ бірдей емес» ұлағатты да қадірлі осы мамандыққа кір келтіріп жүрген адамдардың, «ұстаздық мәртебенің» құрметті де абройлы екендігін сезбей жүрген жандардың бар екендігін теріске шығаруға болмайды. Мұғалімдік мамандыққа биылғы жылы қойылып отырған талаптың күшейгені дұрыс, яғни бұл мамандық кез-келген адамның қолы жете бермейтін және бара бермейтін мамандыққа айналуы керек-ақ. Жалаң білім емес, нақты білім, өзіңді өрге алып шығатын толыққанды білім алу - қазіргі қазақ жастарының арасындағы ең күрделі өзекті мәселе деп айтар едім. Ал бұл өз кезегінде үлкен жауапкершілікті талап етіп отыр.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық
педагогикалық институты
Физика және математика
кафедрасының аға оқытушысы,
доцент Қожахмет Манат
Сейдалықызы