Сапалы білімге қол жеткізудің жолдары

1 қыркүйек «Білім күні» мерекесімен қатар еліміздің тарихында, жаңа бір саяси ахуал орын алып отырғаны баршамызға аян. Еліміз жыл сайын үлкен үмітпен күтетін ел президентінің жолдауы 2020-2021 жаңа оқу жылының басталуымен қатар келуі, әр азаматтың ерекше назарын аударды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтты.
Сонымен қатар, жолдауда республика ауылдарындағы мектептердегі білім беруді жетілдіру, жоғары оқу орындары жұмысының сапасын және ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру мәселесі көтерілген болатын. Білім беруге бұрынғыдай мемлекеттің дамуындағы стратегиялық роль берілетінін атап өтті.
Қай салада болмасын ондағы жұмыстың нәтижесі сапамен өлшенеді. Сапалы оқыту және өздігінен оқып білім алуға баулу негізінде ғана жас ұрпақты парасатты азамат етіп тәрбиелеп шығаруға болады. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне қатысты. Жаңа заман мұғалімі «дайын» білім көзі ғана болмай, оқушылардың танымдық іс-әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестіруші бола білуі, білімнің құндылық ретіндегі сипатына терең мән беруі, нәтижеге бағытталған білім беруде жаңа жолдар мен әдістер табуға дағдыланған маман болуы қажет.
Президент өз Жолдауында көрсеткендей, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі білім беру сапасын жетілдірумен тығыз байланысты. Сондықтан маман даярлау ісі еліміздегі және ғаламдағы еңбек нарығынан тыс қалмағаны жөн. Еліміздің жоғары оқу орындарының алдына бәсекеге қабілетті, білікті маман дайындау, олардың оқу бітіргеннен кейінгі «өмірден өз орнын табу», яғни жұмысқа орналасу мәселесін қатаң қадағалаумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, оны коммерцияландыру бағытында қарқынды және нақты жұмыстарды жасауға үлкен міндеттер артып отыр.
Әлем елдеріндегі пандемиялық жағдайларды ескере, еліміздегі карантиндік жағдайды қатаң сақтай отырып, білім беру саласының қашықтықтан ұйымдастырылып отырғанын, сондай-ақ қашықтықтан білім беру жүйесінің әдеттегі дәстүрлі сабаққа жетпейтініне тоқталды. Дәстүрлі жүйе бойынша білім алуға барша жағдай жасауды тапсырып отыр. Әрбір оқушы мен ұстаздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолын ескере отырып, дәстүрлі жүйеде білім беруге дайындық жұмыстарын жүргізуді де атап айтты. Қашықтықтан білім беру жүйесінде де барынша дамытылған онлайн білім беру платформаның дайындалу керек екенін тілге тиек етті. Басты назарды жасөспірімдердің спорт пен шығармашылық тұрғыда білім алуына жағдай жасауға жұмсауды тапсырды. Әрбір жас бүлдіршінге мектепке дейінгі оқу-тәрбие берілуі керектігін, балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру орындарын көбейту үшін жұмыс жасауды, білімді ұрпақтың ел болашағы екенін еске салды. Сонымен қатар Президентіміз жылдағы жолдауында атап айтатын тағы бір мәселе ұстаздардың еңбекақысы жайлы болды. Алдағы қаңтар айында ел ұстаздарының еңбекақысын 25 пайызға өсіруді тапсырды. Өзім де ұстаз ретінде мемлекет тарапынан жасалып отырған әрбір көмек бізді жігерлендіре түседі дегім келеді. Біз еліміздің дамуы мен жаңаруы жолында бар күш жігерімізді сала отырып, еңбек ету біздің басты парызымыз санаймыз. Ел президенті өз жолдауының түйіні ретінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген даналық сөзімен бекітті. Қазіргідей жаңарған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінетіні ашық жеткізді. Ел азаматтарын, отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырды.


Каненова Гульжихан Тулеубаевна
Қазақстан тарихы, құқық және экономика негіздері
кафедрасының менгерушісі