Биылғы жаңа оқу жылында ауданымыздағы Ғаббас Жұмабаев атындағы орта мектепке «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасымен Теміржан Смағұлов және Әйгерім Стамқұлова деген екі жас маман келді. Бірі - информатика пәнінен сабақ берсе, екіншісі - химия пәнінің маманы.
Біз бүгін ауданға келіп, қызмет бастаған екі жастың бірі - Теміржан Өмірханұлы жайында әңгіме өрбітпекпіз.
Алғашқы педагогикалық еңбек жолын аталмыш білім шаңырағынан бастап отырған ол осы жылдыңжазында Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемелекеттік педагогикалық институтын мемлекеттік грантпен оқып, жақсы тәмамдаған. Соңғы курста оқып жүргенде ректордың бітіруші түлектерге арналған жиналыстарына үздіксіз қатысып, «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасының мән-жайына қанығады. Содан институтқа түскен сұраныстардың бірінде Меңдіқара ауданы орталығындағы Ғаббас Жұмабаев мектебіне маман қажет деген ұсынысқа ойлана келе, қабыл алып, мұғалімдікті осы ортадан бастауды ұйғарады.
Қасиетті Торғай өңірінде 1990 жылдың 4 қыркүйегінде дүниеге келген ол Жангелдин ауданы, Қызбел ауылында өніп-өседі. Отбасындағы баланың үлкені. Өзінен кейін Нұрсұлтан есімді інісі бар. Ол да педагогикалық мамандықты таңдап, бүгіндері ағасы оқыған жоғарғы оқу орнында жағрафия факультетінің үшінші курс студенті. Әкелері ерте дүние салып, анасы Күлшаттың қолғанатына айналған екі ұл да шешелерін жерге қаратпай келеді. Теміржан оқуын ойдағыдай аяқтап, қызметін бастаса, Нұрсұлтан да анасына күш түсірмей, институт грантын ұтып алып, тегін білім алуда.
2000 жылы жанұясы Қызбелден Арқалыққа қоныс аударып, Теміржан төртінші сыныптан бастап қаладағы Шоқан Уалиханов мектебінде білімін жалғастырады.
Жетінші сыныпта информатика пәні оқытылғаннан бастап, оның бұл сабаққа деген қызығушылығы артады. Баласының компьютер тілін тыңғылықты игеруге деген құлшынысын сезген ата-анасы да оныңүйірмеге қатысу жайындағы ойын құптап, үш ай ақылы негізде арнай сабақ береді. Ал қазақтың біртуар ұлы- Шоқан Уәлиханов есімін иеленген орта білім шаңырағын аяқтарда оны мектеп басшылығы информатика пәнін өте жақсы меңгергені үшін мақтау қағазымен марапаттайды.
Институтта оқығанда да белсенділік танытып жүретін ол 3-4 курстарда топ басшысы болып тағайындалады. Өтетін қоғамдық іс-шаралардың басы-қасында жүріп, өзімен қатар оқитын студент жастардың алды атанады.
Мендіқара жеріне келген жас маманды мектеп басшысы- Нұргүл Жұмаділқызы жылы қарсы алды. Білікті ұстаз басқарып отырған Ғаббас ақын атындағы білім шаңырағында осылайша қызметін бастаған Теміржанға біз тек сәттілік тілейміз. Ұстаздық еңбегің ұзағынан болсын!