Altynsarin institute су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көмек қолын созуда

Altynsarin institute су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көмек қолын созуда

Ы. Алтынсарин атындағы АрқПИ Арқалық қаласына жақын маңда орналасқан «Қызыл Жұлдыз», «Сарыторғай» ауылдарының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына көмек қолын созуды жалғастыруда. Институт ұжымы әртүрлі жас мөлшеріндегі отбасы мүшелерін рухани қолдау мақсатында оқу ордасының қабырғасында қарсы алды.

Мемлекет басшысы халқымыз үшін басты құндылықтардың бірі бірлік пен өзара көмек екенін үнемі тіліне тиек етеді. Бұл ретте «Педагогика және филология» факультетіне қарасты барлық білім беру бағдарламаларының жетекшілері мен профессор-оқытушылар құрамы игі іске мұрындық болып отыр.

Шара барысында қонақтар оқу дәрісханаларымен, ғылыми орталықтармен, экскурсоводтардың сүйемелдеуімен Ы.Алтынсариннің ғылыми-педагогикалық мұражайымен және Жаратылыстану табиғи-тарихи мұражайымен танысты.

Сонымен қатар, «Инклюзивті білім беру» орталығының жұмыс барысына куә болып, «Диагностика және кеңес беру» орталығының ғылыми қызметкері Гүлдана Сарсенбайқызының арнайы тренингінен өтті.

Факультет деканы А.К.Қалиев: «Табиғи апаттың қарқыны елімізді есеңгіретіп қойғаны рас. Десе де, өңір-өңірде төтенше штаттар құрылып, дер кезінде көмекке жұмылдырылды. Бірі гуманитарлық қолдау көрсетсе, енді бірі қаржылай сүйемелдеді. Ал, біз қарғын судың құрсауында қалған тұрғындарға рухани және психологиялық көмек беруге тырысудамыз. Біз сіздерді тыңдауға, моральдық тұрғыда демеушілік етуге әркез дайынбыз», – деді.

 

Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Факс: 8-71430-7-01-87
Қабылдау комиссиясы:
8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502