Жуырда Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика және филология факультетіне қарасты мектепте дейінгі және бастауыш оқыту әдістемесі кафедрасы ұжымының ұйымдастыруымен ағартушы-педагог, қазақ қыздары арасынан шыққан тұнғыш журналист, аудармашы, қоғам қайраткері Нәзипа Құлжанованың туғанына 125 жыл толуына орай ғылыми-әдістемелік семинар болып өтті.

            Семинардың теориялық бөлімінде кафедра меңгерушісі, доцент А.Дүйсебекова «Ұлттық болмысты ұлықтаған ұлы тұлға» тақырыбында баяндама жасады.Сөз иесі туған жердің түлегін түрлі қырынан сипаттай отырып, оның өз заманында жасаған ұлан-ғайыр еңбегінің өлшеусіз екендігіне кеңінен тоқталды. Содан кейін институттың Ы.Алтынсарин мұражайы директоры Р.Халықова тың деректерге толы баяндамасын оқып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Сондай-ақ, семинар жұмысына қатысқан Арқалық қаласындағы Н.Құлжанова атындағы гуманитарлық колледждің оқытушысы С.Қапаровтың «Талантымен танылған талғампаз жан» ғылыми зерттеу жұмысында қайсар қазақ қызының ел тарихындағы өзіндік орнын сараптап, студенттер назарына тартымды деректер ұсынды.

            Нәзипа Құлжанова кезінде Қазақ АКСР Оқу-ағарту халық комиссариатының қазақ тілінде оқулықтар, кітаптар шығару мен баспасөз істері жөніндегі арнаулы комиссия құрамында болған. Осы ведомствоның арнайы тапсырысымен «Мектептен бұрынғы тәрбие» атты оқу құралын жазған.  Бұл еңбегі 1923 жылы жарық көрді. Аталған кітапқа ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Заман амалының жарысынан, заман көшінің қатарынан қалмай өмір сүру үшін бүгінде адамға көп өнер – білім даярлау керек», деп алғысөз жазған екен. Нәзипа Құлжанова мұнда мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оларға айтылатын сөздің де, көрсетілетін іс-қимылдың да орынды, тағылымды болуын ескерткен. Танымал педагог бала бойындағы білуге, ұғуға, көруге әуестікті тыйып тастамай, оларды бағыттап, дамытып отыру қажеттігін нақты мысалдармен түсіндіріп берген. Оның ғылым жолындағы сара жолын танытқан «Мектепке дейінгі тәрбие», «Ана мен бала» еңбектерінің құндылығы күні бүгінге дейін жоғары деңгейде екендігі анық.

            Болашақ мамандардың теориялық тұрғыдан жетілуіне зор үлес қосқан жоғарыдағы кітаптарды студенттер қауымы да мақтанышпен сөз етті. Бұл орайда, «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу» мамандығының студенттері А.Қараева мен Т.Омарова ғалым апаларының жазған құнды дүниелерінен өмірлік ғибрат алып, болашақтағы өз кәсіптеріне деген жауапкершілікті шынайы сезінгендіктерін жеткізді.

            Өзі өмір сүрген жылдарда сан қырлы талантымен танылған Нәзипа Құлжанованың еңбегі бүгінгі күні лайықты бағасын алып отыр ма деген сұрақ талайларды ойландыратыны хақ. Тәрбие сағатының барысында студенттер осы жайларды зерттеу үшін жүргізілген бірталай жұмыстарын алға тартты. Соның ішінде Нәзипа апамыздың жұбайы Нұрғали Құлжановтың туысы, Ұлы Отан соғысының ардагері М.Камаловпен, Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы мұражайының ғылыми қызметкері Ж.Қалиевамен болған тақырыптық сұхбаттар әсерлі де мазмұнды болды.

 

КОНТАКТЫ


Адрес: 110300, г. Аркалык, ул. Ауельбекова, 17
Тел: 8-71430-7-24-88
Приемная комиссия: 8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502

ПОДПИШИТЕСЬ