Алтын Орда – әлемдік өркениет негізі
Ұлттық сананың іргетасы әрқашан тарих арқылы, тарихи оқиғаларды білу арқылы қалайтындығын білеміз. Сондай атаулы оқиғалардың бірі - Қазақ хандығының түп негізі болған Алтын Орда мемлекетінің құрылғанына 750 жыл толып отыр. Мұндай тарихы оқиғаны республика көлемінде атап өту туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында арнайы көрсеткен болатын. Ұлттық мемлекетімізді енді ғана құрып жатқан біздер үшін ұлттық тарихи сананы жаңғырту жолындағы жұмыстардың арасында бұл оқиғаның алатын орны ерекше. Алтын Орда – ХІІІ –ХҮ ғасырларда Еуразия құрылығы халықтарының тарихында маңызды рөл атқарған мемлекет болды. Ұлы Жібек Жолында орналасқан бұл мемлекеттің кезінде халықтардың әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени дамуы ерекше қарқынмен жүрген болатын. Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Моғолстан, Ноғай Ұлысы, Әмір Темір империясы сияқты Еуразия құрылығының келбетін өзгерткен тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың тарих сахнасына шығуы да осы тұста болатын. Ал бұл оқиғалар бертін келе Қазақ хандығы деп аталатын жаңа мемлекеттің құрылуына алып келген болатын. Сондықтан студент жастардың бойында өз тарихын білу арқылы мақтаныш сезімін ояту, сол арқылы мақтана білу, ұлттық тарихқа деген қызығушылықты қалыптастыру маңызды болмақ.