Мәжіліс депутаты Altynsarin institute – ның ұжымымен кездесті
Өңірлерге сапары барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Аманжолұлы Әбіл қалалық мәслихат депутаттарымен бірге Арқалық педагогикалық институтында болды.
Сапар барысында қонақтар институт қызметімен, оның жаңа оқу жылына дайындығымен, қабылдау комиссиясының жұмыс барысымен танысып, ЖОО профессор-оқытушылық құрамымен кездесті.
Депутаттар педагогтермен бірге жоғары білім мен ғылымды дамытудағы өзекті мәселелерді талқылады.
«Өңірдегі жалғыз мамандандырылған жоғары оқу орны Арқалық педагогикалық институтының білікті кадрлар даярлаудағы ролі ерекше. Бүгінгі күннің басты міндеті – еліміздің мектептеріне сапалы ұстаздар дайындау. Арқалық институтын осындай кадрларды қайта даярлау мен біліктілігін арттырудың белсенді ұйымдастырушы ретінде білеміз», - деді депутат өз сөзінде.
Институт ректоры Ержан Әмірбекұлы өз кезегінде институттың инновациялық білім беру бағдарламаларын жасақтаудағы көзқарасы, профессор-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру мүмкіндіктері және еліміздегі жоғары білімді дамыту концепциясын іске асыру туралы сөз қозғады.
Депутат кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлерді Парламенттегі отырыстарда талқылауға уәде берді.