АрқПИ тарихы
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының тарихы:
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты – экономиканың барлық салалары үшін педагогтар мен ғылыми кадрлар даярлайтын еліміздегі жетекші педагогикалық жоғары оқу орны.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің және ҚазКСР Министрлер Кеңесінің 1972 жылдың 12 сәуіріндегі №220 қаулысына сәйкес Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты құрылды, 5 жылдан кейін Ыбырай Алтынсарин есімі берілді.
Алғашқы болып Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында физика-математика және филология факультеті 1972 жылдың 12 сәуірінде ашылды.
Бүгінде Ы.Алтынсарин атындағы АрқПИ-де «Жаратылыстану және ақпараттандыру», «Педагогика және филология», «Тарих және өнер» факультеті бар. Білім шаңырағы бакалавриатты 29 білім беру бағдарламасы бойынша даярлайды.
Институт базасында 1976 жылы қазақтың ұлы ағартушы-педагогы «Ы.Алтынсариннің ғылыми-педагогикалық мұражайы», 2010 жылы «Жаратылыстану табиғи-тарихи мұражайы» ашылған.
Altynsarin institute ағымдағы уақытта Өзбекстан, Тәжікстан, Индонезия, Ресей Федерациясы, Түркия, Татарстан, Башқұрстан, Польша сынды 9 шет елдің 13 университетімен халықаралық серіктестік орнатқан. Студенттер тұрақты түрде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелдік университеттерде білім алу мүмкіндігіне ие.
Сонымен қатар, институттың материалдық – техникалық базасы соңғы заманауи технологиямен жабдықталған. Физика, химия, информатика мамандықтары үшін ғылыми-тәжірибелік зертханалар жұмыс жасайды. Профессор-оқытушылар құрамына «Coursera» әлемдік платформасына бейнедәрістер жазу үшін «Интерактивті мультимедиялық бейнестудия» іске қосылған.
2023 жылы Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жүргізген тәуелсіз рейтингінде Altynsarin institute-дағы «Түлектердің жұмысқа орналасуы» 94%-ды көрсетіп, І орынды иеленді.
2023 жылдың қорытындысы бойынша математика ғылымдарының PhD докторы Әлібек Ескермесұлы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2023» атағының иегері атанды.
Оқу орнында өңірдің ерекшеліктеріне басымдық беретін «Университеттің үшінші миссиясы» да қолға алынған. Университеттің үшінші миссиясын орындау мақсатында арнайы 4 ғылыми орталықтың жұмысы жаңғырды. Олар: психодиагностика және кеңес беру орталығы, инклюзивті білім беру орталығы, педагогикалық шеберлік орталығы, этнопедагогика мен этнопсихологияны зерттеу орталығы.
Оқу орнында «Күміс университет» жобасы іске қосылған. Бұл жоба аясында институт егде жастағы адамдарға заманауи IT-технологияларды, шет тілдерін үйрену, құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру курстарын қамтитын білім беру портфелін ұсынады.
Институтта «М.Дулатов атындағы әдеби-мәдени бірлестігі» жұмыс жасайды. Бірлестік мүшелері «Қауырсын» жазушылар клубы, «Жұлдыз» ән клубы, «Сөз-садақ», «Руханият», «Шабыт» сынды бағыттарды қамтып, ықыласты рухани ортаға айналып үлгерген. Республикалық лигаларда топ жарған «Ақиқат» дебат клубы, «Жүректен – жүрекке» волонтерлар қозғалысы, Қазақстан студенттері альянсы, «Саналы ұрпақ», «Барыс» спорт клубы сынды бірнеше студенттер қозғалысы кеңінен насихатталып жүр.