Түлектер Қауымдастығы туралы

Құрметті Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының түлектері!

  Біздің институт өзінің 40 жылдан астам тарихында отандық ғылым, білім беру мен өнер дамуына зор үлес қосып жүрген 14 мыңнан астам маман даярлап шығарды. 2012 жылы Арқалық педагогикалық институты өзінің 40 жылдығын атап өтті. Осы уақыт ішінде институт даярлап шығарған мыңдаған маман - бүгінгі белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, атақты ұстаздар, спорт майталмандары, бизнесмендер.
 2010 жылы АрқПИ «Университеттер Ұлы Хартиясы» (Magna Charta Universitatum) халықаралық ұйымына кіріп, осы бастамамен жоғары оқу орнымыз Болон үдерісінің қағидаттарын қолдануға дайындығын байқатты. Биыл Арқалық  педагогикалық институты Қазақстанның негізгі рейтингісінде педагогикалық жоғары оқу орындарының арасында жетінші орынға ие болып, 2014 жылы институционалдық аккредитациядан өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы еліміздегі білім беруді ойдағыдай жүзеге асырудың маңызды құралы болып табылады. Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру жөнінде биік мақсат қойды. Бұл – маңызды мәселе әрі ең алдымен мұғалімдерге қатысты болмақ. Педагог – білім берудегі басты тұлға. Шәкірттеріне өмірдің қыр-сырын танытып, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге баулыған дарынды мұғалімдердің еңбегі өлшеусіз. Осы алапат күштің басты тірегі – Мұғалім. Бүгін ұстаздың кәсібі мен мәртебесін көтеру – басты міндет. Бұл жұмыс үш бағытта жүзеге асырылуда: мұғалімдерге лайықты еңбекақы төлеу, педагогтердің біліктілігін арттыру, педагогтердің қоғамдағы беделін көтеру.
  Қазіргі таңда АрқПИ-дің басты миссиясы - аймақтың білім беруі мен мәдени-әлеуметтігі дамуы үшін құзіретті, көптілді, білім берудің заманауи моделін жүзеге асыру механизмдары мен аспаптарын меңгерген, айқын азаматтық ұстанымы бар педагог мамандарды даярлау.
АрқПИ түлектері қауымдастығы институтымыздың дамуына зор ықпал етеді деп үміттенеміз. АрқПИ-дің әрбір түлегі өмір бойы Ұстаз атағын жоғары көтеріп, өзінің жоғары оқу орнының абыройын арттырады деген сенімдеміз.
 

С.Б.Қуанышбаев,
АрқПИ ректоры, география ғылымдарының докторы

Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Факс: 8-71430-7-01-87
Қабылдау комиссиясы:
8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502