Жаратылыстану және ақпараттандыру факультетінде наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті
Altynsarin institute-да Наурыз мерекесін тойлаудың шымылдығы түрілді. Ұлттық мереке қарсаңында жаратылыстану және ақпараттандыру факультеті студенттері «Нұр сәуле, Ұлыстың ұлы күні!» атты мерекелік шара ұйымдастырды.
Институт ғимаратында екі күн тойлаған мерекелік жиынға профессор – оқытушылық құрам және студенттер куә болды.
Химия, биология, химия-биология, география, биология-география, география-тарих білім беру бағдарламаларының 1-4 курс студенттері 7 ауылға бөлініп, әрқайсысы музыкалық, вокалдық, би нөмірлерін ғана емес, салт-дәстүрлерін де көрсетті.
Студент жастар мәдени дәстүрлерді, ұлттық тағамдарды, қазақи нақыштағы киімдерді көрсететін театрландырылған көріністер қойды: шілдехана, қалжа, ат қою,бесікке салу, тыштырма (БГ-31, ГТ-21, Г-31), енші беру, көгентүп, асату (Б-31, ХБ-31, ХБ-21), қыз қуу, енші алу, айтыс (Б-41), құда түсу, құда тартар, қалың мал, құйрық-бауыр, өлі-тірі (Б-43), қыз таныстыру, сыңсу, қыз ұзату, ау-жар (Х-41,Г-41), неке қияр, жар-жар, түйемұрындық (ХБ-41), келін түсіру, беташар, күйеуаяқ, үй көрсету, ілу (ХБ-43).
Кеш барысында шашу шашылып, қызықты бағдарламамен жалғасын тапты. Музыкалық нөмірлерде бірқатар жас таланттар өз өнерлерін көрсетіп, Наурыз мейрамы көңілді ән, би, музыкалық аспаптарда ойнаумен ұласты.
Қонақтар қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері рухындағы кездесудің барлық сән-салтанаты мен жылы лебізін сезініп қана қоймай, қазақ халқының мәдениетіне де үлкен қызығушылықпен назар аударды.
Импровизацияланған киіз үйлердің ішкі безендірілуі мерекенің нағыз сәніне айналды. Онда жәдігерлер – тұрмыстық заттар, қолөнер бұйымдары орнатылды. Олар жай ғана үнсіз жәдігерлер ғана емес, қойылымдарда да қолданыс тапты.
Әр киіз үйде мерекелік алаңдардан құттықтау сөздер, жылы лебіздер, әуендер естілді. Факультет деканы Әлібек Ескермесұлы өз құттықтау сөзінде: «Қазақ халқы ғасырлар бойы жас ұрпақтың бойына тәжірибе, білім, адамгершілік қағидаларын, көптеген әдемі әдет-ғұрыптарды сіңіріп, өз мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Ежелгі мерекелердің бірі, қазақ халқының салт-дәстүрінің қастерлі мерекелерінің бірі – Наурыз мейрамы. Сіздерді келе жатқан Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл тек халықтық мереке емес, Наурыз - көктем мерекесі, табиғаттың жаңаруы, жаңа жылдың, жаңа өмірдің басы» - деді.
Әсем концерттік бағдарламамен қатар, қонақтарға мерекелік дастархан жайылды. Бұл қонақтардың алған әсерін толықтырды. Барлық жиналған қонақтарға ұлттық тағамдар «наурыз көже», қымыз, бауырсақ және түрлі тәттілер ұсынылды.
Нәтижесінде, мерекелік шараға ат салысқан қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.