Жәнібек Ғапбасұлымен кездесу
Ғылым аптасы аясында Altynsarin institute-де білім беру саласының ардагері, Арқалық қаласы ардагерлер ұйымының төрағасы Жәнібек Ғапбасұлымен кездесу өтті.
Кездесуде ұлт мәселесі және тіл мәселесі жайлы мемлекеттік маңызы бар проблемалар қозғалып, студенттермен ашық әңгіме болды.
«Жер-Ананы сақтап қалу тек білектің күшіне байланысты емес екенін қазір барша жұрт біледі. Жерді сақтап қалу – ұлтты сақтап қалу, ұлтты сақтап қалу – жеріңді сақтап қалу деген сөз» - деп белгіледі қонақ өз сөзінде.
Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде біраз жетістіктерге жеткен аяулы ардагер ұстаз «Бүгінгі қыз – ертеңгі келін. Ертеңгі келін – ұрпағыңның анасы. Ал ұрпағыңның анасы – ұлтыңның анасы. Сондықтан қазақ қызы тек сенің балаң емес, қазағымның баласы, демек ұлтымның айнасы» - деді.
Бір сағаттық ашық лекция қыз құқығымен басталып, «Қыз бен тіл – егіз ұғым, тіліңді айтып, анаңды айтпау – ұлтыңды айтпау деген сөз» деп, ұлт тіршілігімен жалғасты.
Институт студенттері дәріс соңында өз пікірлерімен бөлісіп, кішігірім пікірталас ұйымдастырды.