Coursera білім беру ұйымының бас атқарушы директоры Altynsarin institute-ң студентіне сертификат табыстады
Coursera компаниясының Бас атқарушы директоры Джефф Маджонкальда «Coursera қазақ тілінде» жобасына қатысушы 25 аймақтық университет ректорлары, проректорлары және студенттерімен кездесті. Жиынға қатысушылар өңірдегі оқу орындарының академиялық әлеуетін арттыруға бағытталған жобаның алғашқы нәтижелерін үлкен қызығушылықпен талқылады.
Astana IT University ғимаратында болған кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев, Coursera компаниясының Бас атқарушы директоры Джефф Маджонкальда, BMG Upskill компаниясының басшысы Рауан Кенжеханұлы және Coursera өкілдері қатысты.
Coursera компаниясының басшысы Джефф Маджонкальда болашақтағы білім беру мен еңбек нарығындағы мүмкіндіктер, өзгерістер, жаңашылдықтар туралы ойын бөлісті.
«Біз жоғары оқу орындары студенттерінің цифрлық экономикада өркендеуі үшін маңызды дағдыларын дамытуда ғылым және жоғары білім Министрлігімен күш біріктіргенімізге қуаныштымыз. Бұл ынтымақтастықтың ерте жетістігі еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді дамытатын білім беру бағдарламалары мен қызметтеріне сұраныстың дәлелі болып табылады және үкіметтер мен жоғары білім беру жүйелері бүкіл студенттер контингентін Coursera көмегімен кәсіби дағдыларға қалай үйрете алатынының тиімді моделі ретінде қызмет етеді», - деп атап өтті Coursera бас директоры Джефф Маджонкалда.
«Бұл жоба қазақстандық студенттерге замауни білім алып, жаңа трендтерді меңгеруге жол ашып, нарықта жоғары білікті және сұранысқа ие маман атануына, сондай-ақ, қазақ тілінің өзектілігін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. 2023 жылы түлектердің 75%-ы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырғандықтан, әлемдік үздік курстардың мазмұнын қазақ тіліне аудару сұранысқа ие әрі бұл қазақ тілін қолданатын талапкерлер саны айтарлықтай екенін көрсетеді. Бұл көрсеткіш жыл санап арта түседі», - деді «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев.
«Бүгінгідей жаһандану мен цифрландыру жағдайында халықаралық еңбек нарығындағы бәсекенің артуы ұлттық білім беру жүйесінің ашық әрі бәсекеге қабілетті, үздіксіз оқу мен кәсіби дағдыларды дамытуға жол ашатын – икемді үлгісіне қажеттілік тудырды. Біз «Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында әлемнің ең үздік профессорларының курстарын қазақ тіліне аударуды бастадық. Бұл – еліміздің болашағы, тіліміздің әлеуеті, білім сапасын көтеру тұрғысынан өте маңызды бастама», - деді министрі Саясат Нұрбек.
Кездесу барысында «Coursera курстарын оқу процесінде қолданатын үздік халықаралық университеттердің тәжірибесі» тақырыбындағы уоркшоп өтті. Сондай-ақ, жиын Courserа платформасындағы курстарынан сәтті өткен студенттерді марапаттаумен аяқталды. Марапатталған студенттердің қатарында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының «Биология-география» ББ 3 курс студенті Сейткаримова Дана Серікбайқызы да бар.
Айта кетерлігі, «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры мен Ғылым және жоғары білім Министрлігінің қолдауымен «Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында қазақ тіліне 654 курс аударылып, еліміздегі 25 өңірлік жоғары оқу орнының 19 300 студентке осы курстардан өту мүмкіндігі беріледі. Қазіргі таңда бұл университеттерде жалпы саны 155 мың студент білім алады.
Курстарды қазақ тіліне аудару жұмысы Coursera-ның техникалық және әдістемелік қолдауына сүйене отырып жүзеге асырылып жатыр. Қазір 50 курс қазақ және орыс тілдеріне толықтай аударылып, платформаға жүктелді. Аударма жұмысы жалғаса береді. Келесі 50 курстың аудармасы аяқталып, платформаға жүктеліп жатыр.
Қазіргі таңда аймақтық 25 оқу орнының студенттері жалпы 26 мыңнан аса курсты аяқтады. Соның ішінде курстарды 11 358-і – қазақ тілінде, 8 653-і ағылшын, 6 096-ы орыс тілінде өткен. Қазақстандық студенттері арасында «Кәсіпкерлік: кәсіптің негізін қалау», «Командаларға жетекшілік ету: көшбасшы ретінде даму», «21-ғасыр жұмыс орнындағы қарым-қатынас», «Кәсіби және жеке өнімділікке арналған уақытты басқару», «Инженерлерге арналған дифференциалдық теңдеулер», «Проблеманы тиімді шешу және шешім қабылдау» деп аталатын курстар жоғары сұранысқа ие болды.
Coursera-ның Қазақстандағы жергілікті ресми серіктесі – BMG Upskill компаниясы. Компания COURSERA-QAZAQSTAN платформасын дайындап, өңірлердегі университеттерде Сoursera орталықтарын (компьютерлер мен құрылғылар) құрды.