XII жазғы универсиада
Ақтау қаласында Қазақстандағы XII жазғы Универсиада өз мәресіне жетіп қалды. Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының спортшы студенттері қазақша күрестен күміс жүлдені иеленді.
2023 жылдың 20-23 маусым күндері «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде өткен жарыстың соңғы күндерінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттері арасынан шыққан палуандар әртүрлі салмақ категориялары бойынша қазақ күресінен чемпиондарды анықтау үшін кілемге шықты. Altynsarin institute командасының студенттері жарыстың бұл түріне қатысты. Атап айтсақ, «Дене шынықтыру және спорт» ББ студенттері екі салмақ дәрежесінде күміске қол жеткізді. Сонымен, 4-ші курс студенті Әкімбек Қайрат 60 келі салмақта жүлде алса, 2-ші курс студенті Әбутай Тимур 82 келі салмақта күміс жүлдегер атанды.
Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Yessenov университеті алғаш рет өткізіп отырған XII Жазғы Универсиада 24 мамырда басталды. Спорттың 17 түрінен студенттік жарыстар және 20 жарыс бір айға – 24 маусымға дейін жоспарланған. Универсиадаға еліміздің 55 жоғары оқу орнынан 3 мыңнан астам студент қатысуда. Универсиада жеңімпаздары 28 шілде мен 8 тамыз аралығында Қытайда өтетін ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиадаға және 24-29 қыркүйекте Түркістан қаласында өтетін ІІ Түркі Универсиадасына жолдама алады. Универсиаданың жабылу салтанаты 22 маусымға жоспарланған.