Altynsarin institute-ның талапкерлері Абай өлеңдерін оқыды

Altynsarin institute-ның талапкерлері Абай өлеңдерін оқыды

Абай Құнанбаевтың туғанына 178 жыл толуына орай Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ақпараттық – кешенді кітапханасының қызметкерлері атаулы күннің маңызын ескере келе, жоғары оқу орнының талапкерлеріне ұлы ағартушының шығармаларын жатқа айту бойынша тосыннан «емтихан» өткізді.

Ұйымдастырушылар институттың болашақ студенттері мен олардың ата-аналарын Абай шығармаларынан өздеріне ұнайтын өлең жолдарын тілге тиек етіп, ақынның кітаптарынан үзінділер келтіруге шақырды.
Шара көрнекті философ – ақынның өмірін, шығармашылығын, бай рухани мұрасын насихаттау, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында өткізілді. Қазіргі жастардың бұл күнді біліп қана қоймай, ұлы Абайдың шығармаларын жатқа білетіндігі еріксіз қуантады. Ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Әсемпаз болма әрнеге» және т.б. өлеңдері жарыса оқылды. Тіпті, келесі бір талапкер «Желсіз түнде жарық ай» атты автордың туындысын әуелете шырқады. Ал, аға буын өкілдері ойшылдың өмірбаянындағы деректерді қуана айтып берді.
Шара аясында «Әлем таныған ұлы Абай» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. «Көрмеде Абай шығармалары мен аудармалары қойылған. Қызметкерлеріміз ақынның өмірі мен шығармашылық жолына тоқталды. Талапкерлер Абай мұрасының озық үлгісі «Қара сөздерінен» үзінділер оқыды. Көрменің арқасында келген қонақтар қазақ халқының ұлы ақынының шығармашылық әлеміне сүңгудің тағы бір тамаша мүмкіндігіне ие болды», - дейді кітапхана меңгерушісі Сәрсенкүл Қуандыққызы.
Ал, кітапхана қызметкерлері әлеуметтік желідегі оқырмандарына өз ойларымен бөлісуді, Абай мұрасына деген көзқарасын білдіруді ұсынды. Күні бойы кітапхана қорындағы басылымдарға шолулар, бейнекөрме, өлең оқуларының бейнежазбалары орналастырылды.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндай шаралар қазақ әдебиетін тереңірек танып, қазақ халқының мәдениеті мен тарихына ортақтасуға септігін тигізеді.

 

Байланыс


Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Қабылдау комиссиясы: 8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502

ТІРКЕЛІҢІЗ