Altynsarin institute 1 курс студенттеріне арналған салтанатты жиын өтті
Бүгін Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында Білім күніне арналған салтанатты кеш өтті. Оған бірінші курс студенттері шақырылды. Іс-шараға институттың профессорлық-оқытушылық құрамы, қызметкерлері мен жоғары курс студенттері қатысты.
Мерекенің ажырамас бөлігі – Қазақстан Республикасының әнұранын орындау.
Дәстүр бойынша басқарма төрағасы – ректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ержан Әмірбекұлы студенттер алдында құттықтау сөз сөйледі.
«1 қыркүйек – Білім күні біз жаңа оқу жылын салтанатты түрде бастап қана қоймай, кешегі мектеп оқушыларын өз отбасымызға қабылдаймыз. Бірінші курс студенттері үшін әртүрлі жобаларда өздерін сынап көруге, үйренуге, жеңуге болатын ерекше кезең басталады. Жалпы студенттік шаққа ерекше рөл беріледі, сондай-ақ, бүгінгі күні мемлекеттік тарапынан да кәсіби және шығармашылық қабілеттерін жүзеге асыруға үлкен мүмкіндіктер бар. Бұл жастардың бүкіл болашақ өмірінің іргетасын қалайтын кезі: достар табу, байланыстар орнату, саяхаттау, т.б. Мұның бәріне АрқПИ көмектесуге дайын», - деді өз сөзінде институт басшысы.
Тіркеуші кеңсе меңгерушісі, сондай-ақ институттың жастар және студенттік ұйымдарының өкілдері де жаңадан келген студенттерді оқу жылының басталуымен құттықтады.
Құттықтаушылардың сөздері шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылардың өнерімен сүйемелденді.
Ал салтанатты күннің ең әсерлі тұсы фотосессия болды.
Жиын соңында студенттер тьюторларымен бірге институтпен танысу үшін ұйымдастырылған экскурсияға, сонымен қатар алғашқы кураторлық сағаттарға қатысты.