Altynsarin institute-ның студенттері халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанды
Психология және педагогика бойынша Қазан (Приволжск) Федералды университеті ұйымдастырған халықаралық ғылыми олимпиадада Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының 3 студенті ІІ дәрежелі диплом иеленді.
Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараттық қолдауымен өткен халықаралық олимпиадаға «Педагогика және филология» факультеті, «6В01101 – Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының 4 курс студенті Снежанна Ахметкалиева мен Аружан Қуандық және 1 курс студенті Толғанай Дәуренқызы қатысты.
Құрылымдық жағынан олимпиада үш блокқа бөлінген. Бірінші блогта ашық сұрақтар ұсынылса, екіншісі – зерттеу блогы, үшіншісі – кейс блогы болды.
Ұйымдастырушылар: «Біз байқауға қатысуға алпыс бес өтінім қабылдадық. Он сегіз адам – шетелдік қатысушылар. Жалпы жұмыстың жоғары деңгейін ескере отырып, жеңімпаздарды таңдау өте қиын болды, сонымен қатар қатысушылардың барлығы дерлік қойылған сұрақтарға белсенді жауап берді», – деді.
Сонымен қатар, қатысушы студенттерге «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының профессор-оқытушылар құрамы Татьяна Каратаева, Гүлдана Смаилова, Алтынай Сейдахметова, Айсара Орманбек, Анар Еламановна, Гулим Бакытовна ғылыми жетекшілік етті.
Айта кетейік, Қазан федералды университеті – Қазақстанмен берік байланыс орнатқан білім ордасы. 20-шы ғасырдың басында 30-дан астам қазақ зиялысы осы жерде оқыған. Алашорда үкіметіндегі 15 министрдің 4-і аталған жоғарғы оқу орнының түлегі.
Жүлдегер студенттерді құттықтаймыз!