Altynsarin institute-дағы наурыз думан

Altynsarin institute-дағы наурыз думан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде наурыз мейрамы «Наурызнама» деп аталып, 10 күнге ұласып, тойлануда.

Жаңа форматтағы мереке күндері Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында да ерекше аталып өтті. Оқу ордасының ұжымы жұмыс күнінің басында барлық профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерді «Көрісу күнінің» тәрбиелік мәнін дәріптей келе, қазақы дәм ұсынып, құшақ жая қарсы алды.


Мерекелік думан тазару күнінің шарттарын орындай «Аластау» рәсімімен жалғасты. Мұнда «босаға майлау», «отқа май құю» дәстүрі көрсетіліп, көпшілікке бата берілді.
Наурыз думан институттағы «Тарих және өнер», «Педагогика және филология», «Жаратылыстану және ақпараттандыру» факультетінің Наурызнама он күндігіндегі атаулы күндерді насихаттауымен жалғасты.
Айталық, «Тарих және өнер» факультеті оқу ордасының фойесінде қазақ үй тігіп, ұлттық спорт және ұлт мәдениетіне ерекше басымдық берді. Студенттер мен оқытушылар құрамы бірлесе асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат ойындарын ойнап, домбырамен күмбірлете күй орындады.

«Педагогика және филология» факультеті «Қазына» этнопедагогика және этнопсихология ғылыми орталығында ұмыт болып бара жатқан «біз шаншар» дәстүрін көрсетіп, «сақина салмақ» ойынын көпшілікпен ойнады. Сонымен қатар, тағылымы мол ұлттық тәрбие төңірегінде мазмұнды ой өрбітіп, қатысушылардың назарына ежелгі салт-дәстүрлердің мәнін сипаттады. Тағылым сағаттары барлығына рухани қорек болды деуге толық негіз бар.

Ал, «Жаратылыстану және ақпараттандыру» факультеті ұлттық тағамдардан дәм ұсынып, жанды дауыста ескірген есті әндерді көпшілікпен бірге орындады. Altynsarin institute-ның Басқарма Төрағасы – Ректор Ержан Әмірбекұлы бүлдіршіннің «тұсауын кесіп» өзінің жылы лебізін арнады.

Күні бойына жалғасқан Наурыз думанда институт басшысы: «Наурыз – еліміздің ұлттық ерекшеліктерін насихаттап, рухани кемелденуге түрткі болар төл мереке. Қазақша жыл басы саналатын бұл дүбірлі думанның ұлттық тәрбиеге тигізер ықпалы орасан. Сәйкесінше биыл бұл мерекені атап өту форматының өзгеріп, он күнге ұласуы да таптырмас шешім болды», - деді өз сөзінде.
Айта кетейік, мерекені тойлау барысында «Ақпараттық-кешендік кітапхананың» ұйымдастыруымен институт асханасында бауырсақ пісіріліп, «Наурыз көже» әзірленді.
Altynsarin institute-ның ұжымы дүбірлі думаннан ерекше әсер алып, ұлыстың ұлы күнінде шад-шадыман қуанышқа кенелді.

 

Байланыс


Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Қабылдау комиссиясы: 8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502

ТІРКЕЛІҢІЗ