Түркістандағы ауқымды көрмеге Altynsarin institute қатысуда
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Ахмет Ясауи университетінде Түркістан облысының мектеп бітіруші талапкерлеріне «Серпін» бағдарламасы бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары басталды.
10-14 маусым аралығында өтетін ауқымды көрмеге отандық 23 жоғары оқу орнының өкілдері қатысуда.
Халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан шараға Түркістан қаласының өзінде 39 мектептен 1200-ден астам талапкер қызығушылық танытты.
Ы.Алтынсарин атындағы АрқПИ-дегі білім беру ерекшеліктері мен мүмкіндіктері, факультеттер мен мамандықтар, оқу ақысы, шәкіртақы туралы түсіндірме жұмыстарын Педагогика және филология факультетітінң деканы Қалиев Айбек Киікбайұлы және Дене шынықтыру және спорт білім беру бағдарламасының жетекшісі м.а. Құлтанов Дастан Теміржанұлы жүргізуде.
Шара барысында ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев «Серпін» бағдарламасы, Ұлттық бірыңғай тестілеу және гранттар тақырыбына тереңірек тоқталды.
Енді білім беру гранттары туралы ауқымды ақпараттық-түсіндіру Шымкент (12 маусым), Жетісай (13 маусым) және Сарыағаш (14 маусым) аудандарында жалғасады.
Айта кетейік, биыл «Серпін» бағдарламасына мемлекеттен 3 903 грант бөлініп отыр. Оның 2500-ден астамы педагогикалық бағытта. Бағдарламаға енгізілген өзгерістер де бар. Соның бірі – «Серпін» бағдарламасы түлектері үшін оқу аяқтаған соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды.