Әдеби бірлестіктің шығармашылық кеші
Altynsarin institute-да «М.Дулатов атындағы әдеби-мәдени бірлестігінің» ұйымдастыруымен 1-курс студенттерін қабылдау кеші өтті.
15 жылдық тарихы бар әдеби бірлестіктің жетекшісі Айбек Қалиев құттықтау сөз сөйлеп, студенттік ортаның тарихына тоқталды. Ол өз сөзінде шығармашыл студенттердің басын қосқан бірлестіктің мықты түлектері туралы тілге тиек етті.
«ШамШырақ» көркемсөз және театр өнер ұйымы, «Көркем» би тобы, «Қауырсын» жазба ақындар ұйымы, «Шабыт» домбырашылар ұйымдарының белсенділері өнер көрсеткен шара көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мұнда «Қауырсын» жазба ақындар ұйымы авторлық шығармаларын ұсынса, домбырашылар құйқылжыта күй тартты. Тіпті «ШамШырақ» ұйымының жас өнерпаздары «Қыз Жібек» лиро-эпостық дастанын сахналап, Төлеген мен Қыз Жібектің адал махаббатын әспеттеген қазақтың жақұт жырын көпшіліктің назарына ұсынды.
Студенттік ортада сұлулық пен салауатты өмір салтын насихаттау, заманауи хореография жанрларын танымал ету мақсатында би клубының қыздары өз өнерлерін ортаға салды.
Сонымен қатар қонақтар қатарындағы «GG dolls» ұйымы да биден шашу шашты. Кеш соңында бірлестік басшысы Амантаева Ақжан Әскербекқызы барлық қатысушыларға өз алғысын білдірді.
Әдеби кешке куә болған арнайы қонақтардың қатарында Түркиядағы Нигде Омер Халесдемир университетінің профессоры Хикмет Қораш та болды.
Айта кетейік, Altynsarin institute-да 12 студенттік ұйым жұмыс атқарады.
Студенттік клубтар белсенділерге өз идеяларын жүзеге асыруға және оларды шындыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Сәйкесінше студенттік үйірмелерге қатысу олардың көшбасшылық, интеллектуалдық және коммуникативтілік қабілеттерін кеңейтуге септігін тигізеді.