
АрқПУ-да академиялық ұтқырлық мәселелері бойынша кездесу өтті
2025 жылғы 18 сәуір күні Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің акт залында 2-курс студенттерімен академиялық ұтқырлық тақырыбында маңызды кездесу өтті.
Кездесуді университеттің академиялық ұтқырлыққа жауапты маманы М.А. Нурханов ашып, қазіргі таңда ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен мағлұмат берді. Ол студенттерге осы бағдарламалардың мүмкіндіктері мен шарттары туралы ақпарат беріп, тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ж.А. Жусупова сөз алып, академиялық ұтқырлықтың студенттерге берер артықшылықтарын, халықаралық тәжірибе жинақтаудың болашақ маман ретінде қалыптасудағы маңызын атап өтті.
Кездесуге сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдік университеттерде білім алып келген студенттер де қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, 6В01706 – «Ағылшын тілі» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Бабажанов Рустам Индонезияның Пеканбару қаласындағы Islam Negeri Sultan Syarif Kasim Riau университетінде оқу барысы мен тұрмыс жағдайы жайлы әңгімелеп берді.
Түркияның Нигде қаласындағы Нигде Омир Халесдемир университетінде білім алып қайтқан студенттер – Бақтығалиева Дилназ (6В01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»), Батырбай Диана Талғатқызы (6В01706 – «Ағылшын тілі»), және Сабитова Анеля (6В01507 – «Математика және физика») – Түркиядағы оқу мен өмір сүру тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар, ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 2023-2024 оқу жылының 2-семестрінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде білім алып келген студенттер – Қожанова Гүлхан (6В01512 – «Биология және География»), Мадаминова Ирода (6В01705 – «Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті»), және Иманғазиев Райымбек (6В01601 – «Тарих») өз әсерлерін ортаға салды.
Кездесу барысында студенттер тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, академиялық ұтқырлықтың мүмкіндіктері мен талаптарына қатысты толыққанды ақпарат берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша алдағы оқу жылында университетте академиялық ұтқырлық бағдарламалары жалғасын тауып, одан әрі дамытылатын болды.