Altynsarin Institute Атырауда мақсатты білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы Атырау және Маңғыстау облыстарының түлектеріне мақсатты білім беру гранты бөлінген болатын. Осы жылы да мақсатты грант бөлінеді.
22 сәуірде Ақтау қаласындағы Достық үйінде Білім басқармасының ұйымдастыруымен ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті директорының орынбасары Н. Сапарходжаев, Ұлттық тестілеу орталығының директоры Р. Емелбаев, сондай-ақ, еліміздің 42 жетекші жоғары оқу орындары қатысуымен үлкен көрме, кездесу өткен болатын.
Мақсатты білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 24 сәуірде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ұйымдастырылған Жоғарғы білім көрмесінде өз жалғасын тапты.
Шара аясында жоғары оқу орындарының өкілдері, оның ішінде Altynsarin institute-ң ректоры Ержан Әмірбекұлы бастау алған мобильді топ, оқу орындарымен таныстырып, мамандық таңдау бойынша кеңестер берді.
Көрмеде еліміздің қырыққа тарта жоғары оқу орны мектеп бітіруші талапкерлер мен ата-аналарға өздерінің білім бағдарламаларын ұсынды.
Сондай-ақ, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев «Атырау-Маңғыстау» мақсатты гранты бойынша университет ректорларымен кездесті. Кездесу барысында аталған министрлік пен Атырау облыстық әкімдігі арасында еліміздің батыс өңіріне бөлінген мақсатты гранттарды игеру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру және аймақ үшін өзекті тұрған педагогикалық мамандарды даярлау бойынша Меморандумға қол қойылды.
Айта кету керек, 2022 жылы алғаш рет білім беру грантының жаңа түрі пайда болды. Ол бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарынан талапкерге оқуға мүмкіндік беретін «Халықтың тығыз орналасқан және батыс өңірлерінің жастарының жетекші жоғары оқу орындарында оқуға арналған нысаналы білім гранты» қарастырылған.
«Атырау-Маңғыстау нысанасы» гранты бойынша конкурсқа биыл мектеп түлектері қатыса алады. Алайда олар жалпы конкурсқа, оның ішінде «Серпін» бағдарламасына бір мезгілде қатыса алмайды.