Панкратионнан әлем чемпионатында Altynsarin institute-ң 1 курс студенті күміс медальге ие болды
Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында панкратионнан ересектер мен жастар арасында әлем чемпионаты өтті.
Бұл додада Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының 1 курс студенті Гүлмайра Сағиданова ел намысын қорғады. Төрешілердің шешімімен спортшы жастар арасында 57 келі салмақта жарыстың күміс медалін иеленді.
«Әлем чемпионатында бұл менің алғашқы қатысуым. Ең жоғары марапатқа сәл жетпей қалды. Бірақ мен үшін бұл үлкен тәжірибе» - деп жас спортшы өз әсерімен бөлісті.
Болашақ ұстаз Altynsarin Institute-ң «Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасында оқиды. Бұған дейін дзюдомен айналысқан жас спортшы, 16 жастан бастап кәсіби түрде панкратионнан өз бағын сынауда. Республикалық чемпионатында алтын медальді қанжығасына байлап, әлем чемпионатына жолдама алған болатын.
Айта кетерлігі, биылғы панкратионнан әлем чемпионатына 20 елдің спортшылары келді. Жоғары дайындық деңгейі мен кәсіби шеберлігінің арқасында осы спорт түрінен Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды.