«Academic leadership institute» бағдарламасы жалғасуда
Назарбаев Университетінің Жоғары білім мектебінде «Көшбасшылық, басқару және стратегия» тақырыбында «Academic Leadership Institute» бағдарламасының екінші модулі өтті.
Тыңдаушылар қатарында институт ректоры Ержан Әмірбекұлы және Жаратылыстану және ақпараттандыру факультетінің деканы Әлібек Ескермесұлы бар.
Сәуір айының соңында бірінші модуль шеңберінде қаралған тақырыптарды жалғастыра отырып, екінші модуль сессиялары қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорларының, проректорларының, декандарының және департамент директорларының көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, сондай-ақ жоғары білімнің заманауи серпінді ландшафтында навигацияға арналған құралдарды игеруге бағытталған.
Екінші модуль жоғары білім берудегі тиімді көшбасшылықтың негізгі аспектілері туралы пайдалы сессиялар мен пікірталастарға толы болды. Академиялық көшбасшылыққа, стратегиялық жоспарлауға және қазіргі кәсіпкерлік университеттің сипаттамаларына қатысты мәселелер қозғалды.
Сессияларды білім беру саласындағы халықаралық сарапшылар Дэвид Лок пен Джон Дэвис, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің директоры Әділет Тойбаев және Назарбаев Университетінің Жоғары білім мектебінің деканы Аида Сағынтаева жүргізді.
Тыңдаушылар адалдық, шабыт, қарым-қатынас дағдылары, көзқарас, қиындықтарды жеңу қабілеті, интуиция және эмпатия сияқты көшбасшылық қасиеттердің маңызды мәселелеріне тереңірек қарастырды. Әлеуметтік құндылықтарға бағдарлануды және қоғамдық есеп беру, жауапкершілік пен институционалдық еркіндік арасындағы тепе-теңдікті ескере отырып, жоғары оқу орындарын басқару және оларды дамыту стратегияларын әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Халықаралық сарапшылар басқарудың әртүрлі аспектілерін ұсынды, соның ішінде күшті және әлсіз жақтарын анықтау, коммерциялық артықшылықтарды пайдалану, нарықты талдау және кәсіпкерлік жоғары оқу орындарының дамуына ықпал ететін басқа да шаралар бар.
Қорытынды сессияда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі.