«Халық батыры – Амангелді Иманов» атты әдеби кеш

«Халық батыры – Амангелді Иманов» атты әдеби кеш

Ақпараттық-кешендік кітапхананың ұйымдастыруымен А.Имановтың 150 жылдық мерейтойына орай  «Халық батыры – Амангелді Иманов» атты әдеби кеш өтті.

Шараның мақсаты – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшысының өмірі, даңқты ерліктері жайлы ақпарат беріп, ұлт намысын қорғаған батыр туралы жазылған туындыларды көпшілік қауым назарына ұсыну және кітапханаға оқырмандар қауымын тарту.

Кеште кітапхана қызметкерлері халық қаһарманына арналған шығармалар желісінен кітап көрмесіне шолу жасады. Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы туралы қызықты мәліметтер берілді.
«Біздің тарихымыздағы құнды деректерді қамтитын мұндай әдеби кештер патриотизм сезімін оятады және өткенге үңілуге үлес қосады» – деп, атап өтті кітапхана қызметкері.
Әдеби кеш барысында Бауыржан Ақтаевтың «Алаш аманаты» атты күйін «Тарих және өнер» факультетінің 4-курс студенті Хасенов Еркебұлан орындап, «Педагогика және филология» факультетінің студенттері Амангелді батырдың ерлігін,  түр-тұлғасын, батырлық өмір жолын дәріптеген Ж.Жабаевтың «Амангелді тойына», С.Садуақасұлының «Амангелді туралы»,  Б.Имановтың «Амангелдінің анасымен қоштасқаны», С.Оңайбекұлының «Батыр», Ы.Адамбековтың «Амангелді» атты өлеңдері мен О.Шипиннің «Амангелді батыр» дастанынан үзінділерді нақышына келтіре айтып, әуезді әндерін шырқады. Сондай-ақ, жас ақындар батырға арналған арнау жырларын тебіреніспен оқыды.

Ұлт намысын ұштайтын шараға Арқалық педагогикалық институтының аға оқытушылары Абдуллина Ардақ Әмірханқызы мен Жармағамбетов Ербол Ербатырұлы қатысып, А.Иманов туралы тың деректермен бөлісті.
Кешке жиналғандар Амангелді батыр мен оның сарбаздарының ерліктері жайлы баяндалатын  «Амангелді» атты көркем фильмінен үзінді қарап, викториналық сұрақтарға жауап берді.

 

Байланыс


Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Қабылдау комиссиясы: 8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502

ТІРКЕЛІҢІЗ