Altynsarin institute-да «Интерактивті мультимедиялық бейнестудия» іске қосылды

Altynsarin institute-да «Интерактивті мультимедиялық бейнестудия» іске қосылды

Altynsarin institute-да жаңа үлгідегі «Интерактивті мультимедиялық бейнестудия» ашылып, салтанатты түрде тұсаукесері жасалды.

Өңірде тұңғыш рет іске қосылған интерактивті бейнежазбаның мультимедиялық бейнестудиясы – бұл бейне және аудио жазуға, ақпараттық бейне презентациялар дайындауға, онлайн дәрістер мен веб-конференциялар өткізуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешен.


Іс-шараға Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов, Арқалық қаласы әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Мешітбай Жұманов, «AMANAT» партиясы Арқалық қалалық филиалының төрағасы Сабыржан Тасмағанбет, қала прокуроры Мұрат Успанов, Арқалық қаласы ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімінің басшысы Мұрат Ерлібеков, қалалық полиция басқармасының басшысы Орал Баймурзин, оқу ордасының басшысы Ержан Әмірбекұлы мен факультет декандары, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, облыстық «Qostanay tany» мерзімді басылымының, қалалық «Арқалық хабары» басылымы мен «Арқа дидары» телеарнасының өкілдері қатысты.

Altynsarin institute-ның Басқарма Төрағасы – Ректор Ержан Әмірбекұлы мультимедиялық бейнестудияның құзыреттілігі туралы өз сөзінде: «Әлемдік білім беру үрдісі жаңа стратегиялық мақсаттарды көздейді. Сәйкесінше, сол толқынға уақытында ілесіп, қажетті мүмкіндіктер алаңын ұсыну аса маңызды. Осы орайда көпфункциялы мультимедиялық бейнестудия біздің қала мен институт оқытушылары, студенттер үшін сапалы медиаконтент құруға түрткі болатындығына сенімім мол»,-деп атап өтті.

Интерактивті бейнестудия қашықтықтан оқыту және шығармашылық қызметті ұйымдастырудың ең заманауи және тиімді шешімдерінің бірі. Оның бірегей мүмкіндіктерін пайдалана отырып, интерактивті бейне нұсқаулықтар мен бейне дәрістерді жазуға, бейне сабақтар мен конференциялар өткізуге және т.б. жаңашыл әдістеме перспективаларын іс жүзінде жүзеге асыруға болады.
Бұл ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің оқу үдерістерін цифрландыру жөніндегі талаптарына сәйкес келетін цифрлық технологиялар арқылы оқытушылар мен студенттердің өзара іс-қимылының өте құнды құралы іспетті.
Цифрлық зертхана форматы интерактивтілік пен пәндерді 3D модельдеу арқылы қашықтықтан сабақ өткізуге қолайлы. Ең негізгісі, бейнестудия Coursera және EDx сияқты халықаралық платформаларға арналған контент жасауға, ZOOM, GoogleMeet, WebEx және басқа құралдар арқылы заманауи Led-тақтаға онлайн оқытуды таратуға, интерактивті презентацияларды жасауға және бөлісуге, аралас оқыту түріне арналған оқу мазмұнын әзірлеуге мүмкіндік береді.

 

 

 

Байланыс


Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Қабылдау комиссиясы: 8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502

ТІРКЕЛІҢІЗ