Altynsarin institute-да волонтерлық қозғалыс апталығы өтуде
Altynsarin Institute-да 5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлар күніне орай волонтерлық қозғалыс апталығы ашылды.
«Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты» орталығының бастамасымен жүзеге асқан шараның ашылу салтанатында апта бойына жоспарланған бағдарламалар легі таныстырылды.
Апталықтың мақсаты – жастарды рухани-адамгершілік тәрбиеге баулу, қоғамдық мәдениетті қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған құндылықтарды жүйелеу және студенттерді әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге машықтандыру.
Жоспарланған шара барысында «Жүректен жүрекке» еріктілер қозғалысының ұйытқы болуымен «Жақсылық жасауға асық» атты қалалық квест ойындары, «Ақиқат» дебат клубының ұйымдастыруымен «Қайтарымсыз жақсылық» тақырыбында дебат, М.Дулатов атындағы әдеби бірлестігінің қолдауымен әлеуметтік осал отбасыларға арналған №12 жатақханада тұратын балалар үшін қайырымдылық акциясы, «Жас орда» студенттік ұйымының аз қамтылған отбасыларға арналған ертеңгілігі жүзеге асты.
Сонымен қатар, апталықтың ашылу салтанатында жыл бойына үздіксіз ерікті қызмет атқарған бір топ студенттер Аппарат басшысы Сайын Әлімұлының алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, Ы.Алтынсарин атындағы АрқПИ жанынан құрылған «Жүректен жүрекке» еріктілер қозғалысы – студенттер арасында волонтерлік, қоғамдық пайдалы іс-әрекетті дамыту мен насихаттауға бағытталған.
«Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты» орталығының басшысы З.Н.Батырова: «Апталық аясында жүзеге асқан шараларда студенттік бірлестіктер жоғары белсенділік танытты. Волонтерлық қызмет принциптерін ұстанған студенттер апта бойына ізгі істер жасаудан өзара жарысқа түсті. Оқу ордамыз үшін еріктілік қызметке баулу маңызды факторлардың бірі» - деп өз сөзіне тиек етті.