Altynsarin institute делегациясы Татарстандағы НМПУ-де болды

Altynsarin institute делегациясы Татарстандағы НМПУ-де болды

Желтоқсан айының басында Altynsarin institute басшылығының өкілдері Татарстанға жұмыс сапарымен барды. Басқарма төрағасы – ректор Ержан Әмірбекұлы, педагогика және филология факультетінің деканы Айбек Қалиев, тарих және өнер факультетінің деканы Гүлбаршын Конкина, жаратылыстану және ақпараттандыру факультетінің деканы Әлібек Ескермесұлы және ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Байсейітова Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университетінде болды.

Университет ректоры Альфинұр Ғалиакберовамен кездесу барысында университеттер арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары талқыланды.
НМПУ ректоры қонақтарға ғылыми-білім беру кластері аясында қазақстандық әріптестер арасында сұранысқа ие бола алатын университеттің мүмкіндіктері туралы айтып берді. Сондай-ақ ол серіктес өңірден сұраныс болса, университет білім беру бағдарламаларының кең ауқымын, оның ішінде қосымша біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұсынуға дайын екенін атап өтті.

Делегация үшін кампус-тур өткізілді. Қонақтарға Әмбебап педагогикалық құзыреттер технопаркі және Педагогикалық кванториум зертханалары бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ, кешенді ғылыми-зерттеу зертханасын аралап, лингафондық зертхананың мүмкіндіктерін бағамдап, университет факультеттерімен жан-жақты танысып, студенттердің сабақтарына қатысты.

Экскурсиядан кейін екі университеттің ректорлары, факультет декандары, құрылымдық бөлімше басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. АрқПИ ректоры Әмірбекұлы Ержан өз сөзінде әріптестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Набережные Челны педагогикалық университетінің тәжірибесі өте маңызды. «Университеттің бүгінгі инфрақұрылымы, материалдық-техникалық базасы барлығымызды тәнті етті. Біз сіздермен бірнеше бағытта ынтымақтасуға ниеттіміз және дайынбыз» – деді ректор.

Келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастықты нығайту, екі университет арасындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын тереңдету, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам алмасуды күшейту, педагогикалық бағыттағы қос дипломдық білім беру бағдарламаларын іске қосу, бірлескен ғылыми семинарлар және т.б. жол картасын бірлесіп әзірлеу бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.

Кездесу соңында ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Қол қойылған келісім негізінде НМПУ мен АрқПИ бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырып, дәрістер, семинарлар, конференциялар ұйымдастырады, сондай-ақ академиялық алмасуды жолға қояды. Жақын арада келісімнің тармақтары бойынша егжей-тегжейлі жол картасы жасалады.

 

Байланыс


Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Қабылдау комиссиясы: 8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502

ТІРКЕЛІҢІЗ