
Altynsarin institute Түркіменстанда өткен халықаралық көрмеге қатысты
2023 жылдың 10-12 қазан аралығында Түрікменстан Білім министрлігінің шақыруымен және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, сондай-ақ Қазақстанның Түрікменстандағы Елшілігі мен Халықаралық бағдарламалар орталығының қолдауымен Түрікменстанда Қазақстанның білім күндері аясында өткен «Қуатты мемлекеттің қайта өрлеу дәуіріндегі денсаулық сақтау, білім және спорт» атты халықаралық көрмеге Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты қатысты.
Іс-шараға әлемнің түрлі елдерінен келген ғалымдар, мамандар мен қонақтар, сондай-ақ дипломатиялық миссиялардың басшылары, министрлер кабинетінің өкілдері және басқа да ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Білім беру көрмесінің қонақтары үшін Altynsarin institute делегациясы АрқПИ студенттері үшін жасалатын жағдайлар мен мүмкіндіктер, білім беру-тәрбие процестері, білім беру бағыттары, студенттермен жұмыс жүйесі туралы презентациялар өткізді. Айта кетейік, көрме барысында институттың білім беру бағдарламаларына 150-ден астам түрікмен студенттері мен олардың ата-аналары қызығушылық танытты.
Іс-сапар аясында АрқПИ делегациясы түрікмен университеттерінің басшылығымен, сондай-ақ шақырылған шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдерімен кездесті, сондай-ақ екі елдің дипломаттарымен келіссөздер өтті. Барлық тараптар академиялық ұтқырлық, АрқПИ-де оқуға талапкерлерді тарту саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады, алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін күш біріктіруге келісті.
Altynsarin institute ректоры Ержан Әмірбекұлының айтуынша, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты ғылыми және білім беру қызметін интернационалдандыру, академиялық ұтқырлықты дамыту бойынша белсенді күш біріктіруде, бұл жоғары оқу орнының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды шарты және жаһандану сын-тегеуріндеріне жауап болып табылады.
Халықаралық конференцияның пленарлық және секциялық отырыстарында қатысушылар білім беру технологиялары, медицина және спорт саласындағы соңғы жетістіктер мен даму перспективаларын талқылады, түрлі елдердің өкілдері арасында тәжірибе алмасу өтті. Сонымен қатар, қазақстандық делегация Аба Аннаев атындағы Халықаралық жылқы шаруашылығы академиясына және Аркадаг қаласындағы Жылқы шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығына барды. Қонақтар Академияның ғылыми-білім беру үдерісімен, мәдени-спорттық инфрақұрылымымен, материалдық-техникалық базасымен және халықаралық байланыстарымен танысты.
Халықаралық ғылыми конференция мен көрменің салтанатты жабылуы Түркіменстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының мәжіліс залында өтті.