Altynsarin institute-ның тарихшы студенті Татарстандағы конференция қорытындысы бойынша ІІ орынға ие болды
Altynsarin institute «Тарих және өнер» факультеті «Тарих» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Аңсаған Дамир «Әлеуметтік-гуманитарлық мәселелерді заманауи зерттеу» өңірлік ғылыми-практикалық конференциясында жүлделі 2-ші орынға ие болды. Халықаралық деңгейдегі іс-шара 2024 жылдың 17 сәуірінде Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университетінің (Татарстан, РФ) базасында өтті.
Дамирдің «Қазақстанда латын графикасын енгізудің тарихи алғышарттары» тақырыбындағы баяндамасы «Жалпы Тарих: Ежелгі әлем, орта ғасырлар, жаңа уақыт» секциясының отырысы аясында тыңдалды. Конференцияға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырған студенттің ғылыми мақаласын комиссия мүшелері жоғары бағалады. Секциялық отырыстың жетекшісі әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Сергей Петрович Дырин студент зерттеп жатқан тақырыптың өзектілігін атап өтті. Конференция соңында Дамир ІІ дәрежелі дипломмен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Дамирді және оның ғылыми жетекшісі «Тарих» ББ аға оқытушысы Е.Е.Жармағамбетовты тамаша нәтижемен құттықтаймыз!
Айта кетейік, 2023 жылғы желтоқсанда университеттер арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісім аясында Altynsarin institute студенттері мен оқытушылары 15 сәуірден бастап Набережные Челны қаласында орналасқан, Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқудан және тағылымдамадан өтеді.