Altynsarin institute-ның бітіруші түлектеріне салтанатты түрде диплом табысталды
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының бітіруші түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті. Торғай топырағынан нәр алған болашақ педагогтар мамандықтарына деген жолдаманы еншіледі.
«Педагогика және филология», «Жаратылыстану және ақпараттандыру», «Тарих және өнер» факультетінің студенттері маңызды белеске қадам басып, жүрекжарды тілектер мен ыстық лебіздерге бөленді.
Салтанатты кеште Басқарма Төрағасы – Ректор Ержан Әмірбекұлы құттықтау сөз алып, институттың бірқатар түлектеріне диплом табыстады. Сондай-ақ, Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ж.А.Жүсіпова мен Зерттеу және стратегиялық даму жөніндегі проректор м.а. Ж.Б.Байсеитова және факультет декандары ізгі ілтипаттарымен түлектерге тілектерін жеткізді. Жиынға Altynsarin institute-ның басшылық құрамынан бөлек, арнайы қонақтар, профессорлық-оқытушылық құрам мен ата-аналар қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Біркенұлы Асанов та болып, бітруші түлектердің бір легіне диплом ұсынды.
Студенттік белестің биігін бағындырған болашақтың ұстаздары да студенттер атынан алғыстарын жеткізіп, кәсіби маман атануға сөз берді.
Үздік бітіруші студенттер марапатталып, ұйымдастырылған мерекелік бағдарламаның көркіне айналды. Бітіру кешінде ән мен биден шашу шашылып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Талабы тау, мақсаты анық, арманы биік түлектеріміздің еліміздің бәсекеге қабілетті тұлғасына айналарына кәміл сенімдіміз! Жолың болсын, ЖАС МАМАН!