Altynsarin institute-ның түлегі Корея республикасына шақырту алды
Altynsarin institute-ның «6B01703 – Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасы бойынша 2023 жылғы түлегі Баярыстан Ақбөпе Корея Республикасындағы шетелдік оқушыларға сабақ беру мүмкіндігін қалай иеленгендігі туралы өз ойымен бөлісті.
Ол қазіргі таңда Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №4 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.
Шет тілдерін, оның ішінде ағылшын, орыс, неміс және корей тілдерін жетік меңгерген институт түлегі Корей елінде сабақ беру туралы естіген бойда, конкурсқа қатысуға өтінім бергендегін айтады. Нәтижесінде көрсетілген барлық талаптардан сүрінбей өтіп, 14 үміткердің ішінен таңдалған.
Ы.Алтынсарин атындағы АрқПИ Басқарма Төрағасы – Ректор Ержан Әмірбекұлы Ақбөпемен сапар алдында сұхбаттасып, институт беделінің артуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Ақбөпе бұған дейін академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Түркияның Кахраманмараш Сютчю Имам университетінде бір семестр білім алып келген.
«Шетел тілі: екі шетел тілі, Ағылшын тілі» білім беру бағдарламасының жетекшісі Асанова Асель Карлыбаевна институт түлегіне оң мінездеме берді. Оқытушының сөзінше, ол студенттік кезеңде өзін жақсы қырынан таныта білген. Оқу үлгерімі жоғары, белсенді, мінезі байсалды, ізденімпаз студенттің болашағына зор сенім артылғандығын тілге тиек етті.
Сұхбат барысында Баярыстан Ақбөпе: «Шет тілдерін меңгеруге деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан бастап оянды. Осылайша, ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуға түсіп, тілдік машықтарымды арттыра түстім. Студент кезде «Coursera» платформасы арқылы корей тіліндегі дәрістерді тыңдап, жаттыға бердім. Менің мақсатым – оқытуда және оның ішінде шетел тілдерін оқытуда оқушылардың тілдік мәдениеті мен тілдер арасындағы коммуникациялық қабілетін жетілдіру, оқушыларға білім тұрғысынан бөлек ментальды тұрғыда қолдау көрсету. Теориялық және тәжірибелік дағдыларымның шыңдалуына зор септігін тигізген Altynsarin institute-на алғысым шексіз» - дейді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024 жылғы 1-3 сәуірде Сеул және Гонконгқа іссапары аясында Министрлік пен Корея Республикасының Кенги провинциясының Білім басқармасы арасындағы өзара түсініктік туралы меморандумға қол қойылған. Кенги провинциасының Білім басқармасының Ансан, Хуасон, Ансон және т.б. қалаларындағы жергілікті орта мектептерде орыс тілді шетелдік оқушылардың үлгері төмен болғандықтан, оқушыларға қосымша көмек көрсету үшін Меморандум шеңберінде Қазақстаннан орыс тілін меңгерген жас педагогтарды жергілікті мұғалімдердің көмекшісі ретінде шақыруда.