Жошы ұлысының 800 жылдығына орай ашық дәріс өтті
2024 жылғы 17 қыркүйекте Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының Тарих және өнер факультетінде Жошының билікке келуінің 800 жылдығына және Қазақстан аумағында Жошы ұлысының іргесі қалануының 800 жылдығына арналған «Жошы ханның Қазақстан тарихында алатын орны» тақырыбында ашық дәріс өтті. Ашық дәріске факультет оқытушылары мен студенттер қатысты.
Маңызды шарада Тарих білім беру бағдарламасының аға оқытушысы Елеусов Баубек Аймаханұлы жуықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» басылымында жарияланған сұхбатындағы: «Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынуға тиіс» деген ойды атап өтті.
Сондай-ақ, студенттерге Жошы ханның өмірі мен оның тарихта алатын орны туралы баяндау мақсатында, оқытушы-тарихшы Жошы ханның қолбасшылық жасағанын, әскери жорықтарға белсене қатысқанын айтып, Жошы қолбасшылық дарынымен ерекше көзге түсіп, бірнеше қалаларды бағындырғанын дәріс барысында баяндап өтті. Дәріс барысында студенттер қауымы сұрақтар қойып, өз пікірлерін ортаға салды.
Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 3 қаңтардағы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында 2024 жылы Жошы ұлысының Қазақстан аумағында нақты құрылғанына 800 жыл толатынын атап өткен болатын.