«КӘСІПОДАҚ БАРЫСЫ-2024»: Жаратылыстану және ақпараттандыру факультетінің оқытушысы жүлделі орын алды

«КӘСІПОДАҚ БАРЫСЫ-2024»: Жаратылыстану және ақпараттандыру факультетінің оқытушысы жүлделі орын алды

Бүгін, 31 қазан күні, Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының 100 жылдығы мен Жамбыл облысының 85 жылдығана орай оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері арасында қазақ күресінен «КӘСІПОДАҚ БАРЫСЫ-2024» финалдық республикалық турнирі басталды.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында ресми ашылу салтанаты өтті.

Халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі – қазақ күресін дамытуға арналған кәсіподақ мүшелері арасындағы байрақты бәсекенің ашылу салтанатында Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева, Жамбыл облысы спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Салалық кәсіподақ ұлттық спорт түрін дамытуға бағытталған республикалық сайысты сапалық тұрғыдан одан әрі дамытып, дәстүрлі түрде өткізуді қолға алады. Ұлттық спорт жарысы - қазақ күресі, «Кәсіподақ барысы» жасай берсін»,- деді Айгүл Мұқашева.

Ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен дамыту басымдықтарын жүзеге асыру, білім және ғылым саласы қызметкерлерін қазақ күресімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мен жетілдіру мақсатында өткен жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 40-қа жуық балуан қатысты.
Оның ішінде оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері арасындағы 90 кг дейінгі салмақта және 90 кг жоғары салмақта палуандар қатысып, бақ сынады.

Тартысты өткен турнир қорытындысында 90 кг дейін салмақ дәрежесінде Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының жаратылыстану және ақпараттандыру факультетінің оқытушысы Нұрсұлтан Сәлімжанов жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі 3 орынды иеленді.
Ал І орын - Ақмола облысы, Целиноград ауданы Қоянды ауылының №2 жалпы орта білім беретін мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрболат Айсағалиевке, ІІ орын - Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қалалық мектептен тыс №1 Аула клубының қазақ күресі мұғалімі Жанкелді Айтжанға еншіледі.
Өз аймақтарында іріктеу кезеңдерінен өтіп, «Кәсіподақ барысы – 2024» республикалық финалына жолдама алған барыстардың жекпе-жегіне Ережеге сай төрешілер алқасы төрелік етті.
Туринирге белсенді қатысқан 31 балуан Салалық кәсіподақтың Алғыс хаттары мен 50 мың теңгелік ынталандыру сыйақысына ие болды.
Жарыс жеңімпаздарына Диплом, арнайы медальдар мен қаржылай сыйақылар табыс етілді.
І орын жүлде қоры – 500 000 (бес жүз мың) теңге, ІІ орын – 350 000 (үш жүз елу мың) теңге, ІІІ орын – 250 000 (екі жүз елу мың) теңге.

Республикалық жарысты қорытындылаған Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева жеңімпаздарды құттықтап, жарысты өткізуге атсалысқан төрешілерге, спортшыларды белдесуге баптап әкелген жаттықтырушыларға алғысын жеткізді.

 

Байланыс


Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Қабылдау комиссиясы: 8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502

ТІРКЕЛІҢІЗ